Cоңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты – Тоқаев

Cоңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты – Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтау салтанатты жиынында қазіргі таңда осы бағытта атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Cоңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты. Бұл Қарағанды облысы сияқты өндірісі өркендеген аймақтың бір жылдағы қуат тұтыну көлемімен бірдей. Қазіргі кезде Қазақстанның электр энергетикасы жүйесіне жалпы қуаты 25 гигаваттан асатын 237 электр станциясы кіреді. Ал іс жүзінде қолданыстағы жалпы қуат көлемі – 21 гигаватт. Мемлекет жүргізіп отырған жүйелі шаралардың арқасында энергия нысандары мен инженерлік-коммуналдық желілердің орнықтылығы айтарлықтай күшейді. Өткен жылғы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарды. Тоғыз жылу электр орталығы тәуекелдің «қызыл» аймағынан шықты, ал үш станция «жасыл» аймаққа өтті», – Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалатынын, 86 мың шақырым желі жаңарғанын айтты. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылғанын еске салды.  

«Соның нәтижесінде үш жыл ішінде тек кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Бұл жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу керек. Алдымызда сенімді әрі заманауи энергетика инфрақұрылымын қалыптастырып, экономиканың дамуына тиісті жағдай жасау міндеті тұр. Осы орайда Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыра бастады. Оның аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады. Үкіметке еліміздің энергетикалық әлеуетін ұдайы арттыру міндеті жүктелді. Бұл – Қазақстанның экономикалық дамуын одан әрі табысты жүзеге асыру үшін аса маңызды. Еліміз экспорттық әлеуеті зор энергетикалық державаға айналуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президент салада таяу жылдары атқарылатын нақты жұмыс бағыттарын атап өтті

«Қазақстанның энергетикалық әлеуетін нығайту – басымдыққа ие міндет. Биыл батыс аймақтардың электр желісін күшейтетін бірегей жоба аяқталады. Бұл жоба Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының энергетикалық тораптарын біріктіреді. Енді осы тораптарды бірыңғай ұлттық энергетика жүйесіне жалғау қажет. Елімізде басқа да ірі жобалар қолға алынып жатыр. Атап айтқанда, Екібастұздағы екінші ГРЭС-те жаңа энергоблоктар салынады. Сондай-ақ үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталмақ. Бұл нысандар еліміздегі энергетика жетіспеушілігін жоюға тиіс. 2026 жылы Алматыдағы электр станцияларын жаңғырту – Үкімет пен әкімдік алдында тұрған маңызды мақсат. Сол арқылы ауаның ластану деңгейін төмендетіп, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту қажет. Бұған қоса, келесі жылы Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғысы бар электр станцияларын толық іске қосу керек. Біз 2035 жылға дейін 26 гигаваттан астам қуат көзін өндіретін нысандарды іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президенттің энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтағанын жаздық.