Биыл жазда елімізде жаңғыртылған 70 теміржол вокзалы ашылды
Жаз басынан бері ауқымды қайта жаңғырту жұмысынан кейін 70 теміржол вокзалы пайдалануға берілді, оның ішінде 40 нысан шілде айында ашылды. Нысандарды қайта жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Қайта жаңғырту аясында шағын стансалар да жаңартылды. Ең ауқымды жұмыс Ақмола облысында атқарылды, мұнда 12 вокзалда жөнделді. Қарағанды облысында 11 нысан жаңартылды, оның ішінде жолаушылар платформалары мен Қарағанды – Сұрыптау стансасының инфрақұрылымы бар. Осындай жұмыс Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарында, Жетісу және Ұлытау облыстарында жүргізілді.

Қайта жаңғырту барысында күрделі жөндеу жұмыстары немесе жаңа жолаушылар кешендері салынды. Бірқатар стансаларда ескі ғимарат бұзылып, олардың орнына жаңа вокзал бой көтерді. Басқа нысандарда вокзалдардың аумағы кеңейтіліп, көтергіш конструкциялар күшейтілді, конкорстар салынды, сондай-ақ жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары қайта жаңғыртылды.

Вокзал ғимараттарына заманауи жиһаздар, навигациялық жүйелер, желдету және кондиционерлеу жүйелері, бейнебақылау камералары, өрт және күзет дабылдары, қолжетімділікті бақылау жүйелері, интроскоптар мен металл іздегіштер орнатылды.
Сонымен қатар, бірқатар нысанның аумағы едәуір кеңейтілді. Атап айтқанда, Орал стансасы вокзалының аумағы 5 778 шаршы метрден 6 346 шаршы метрге дейін, Шетпе стансасында 201 шаршы метрден 1 090 шаршы метрге дейін, Шалқар стансасында 472,8 шаршы метрден 833,6 шаршы метрге дейін, Қазыбек бек стансасында 82,3 шаршы метрден 236,7 шаршы метрге дейін, ал Жетісу стансасында 135,7 шаршы метрден 258,3 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Ақшы стансасында жаңа заманауи аялдау павильоны салынса, Теміртау станциясында жолаушылар платформасы қайта жаңғыртылды.

Жаңартылған вокзалдар күн сайын ондаған мың жолаушыға қызмет көрсетіп, Қазақстанның барлық өңірі арасындағы, сондай-ақ Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен теміржол қатынасын қамтамасыз етеді.

Еске салсақ, елімізде үш ірі теміржол желісінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.