Балық өнімдерін сатып алған кезде нені ескеру керек

Балық өнімдерін сатып алған кезде нені ескеру керек
Фото: Балық шаруашылығы комитеті

Балық пен балық өнімдерін сатып алу кезінде өнімдерді тек азық-түлік өнімдерін сақтау және өткізу талаптары сақталатын ресми сауда орындарынан сатып алған жөн. Рұқсат етілмеген сауда орындарынан алынған өнім денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Комитеттің мәлімденуінше, нарықта сатылатын балық пен балық өнімдері Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талабына сәйкес болуы және олардың қауіпсіздігін растайтын құжат — сәйкестік туралы декларациясы болуы тиіс.

«Өнімнің таңбалануына ерекше назар аудару қажет. Қаптамада өнімнің атауы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және өндіруші туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс.

Жаңа ауланған балықтың беті таза, көзі мөлдір, желбезектері қызыл немесе қою қызыл түсті, ал еті тығыз әрі серпімді болуы керек. Жағымсыз иіс, бұлыңғыр көз және босаң, жұмсақ ет өнімнің сапасының талапқа сай еместігін көрсетуі мүмкін.

Мұздатылған балықта қайта мұздату белгілері болмауы тиіс. Атап айтқанда, балықтың бетінде мұздың шамадан тыс көп болуы, қар тәрізді қыраудың болуы немесе пішінінің өзгеруі қайта мұздатудың белгісі болуы мүмкін. Балық консервілерін сатып алғанда қаптаманың бүтіндігін тексеру қажет: банкаларда ісіну, ағып кету, тот басу және басқа да зақымданулар болмауы тиіс», делінген хабарламада.

Сатып алғаннан кейін өндіруші көрсеткен сақтау шартын сақтау және жарамдылық мерзімі өткен өнімді тұтынбау маңызды.

Комитет балық пен балық өнімдерін таңдауға жауапкершілікпен қарауды, олардың сақтау шартына, жарамдылық мерзіміне және таңбалануына назар аударуды ұсынады. Осы қарапайым қағидаларды сақтау сапасыз өнімді сатып алу тәуекелін төмендетуге көмектеседі.

Еске сала кетсек, мамандар жазда тамақтану қауіпсіздігі ережесін сақтау маңызды екенін ескертті.