Бала мектепке қуана келіп, қабілетін ашуы керек – Сәуле Үйсімбаева

Бала мектепке қуана келіп, қабілетін ашуы керек – Сәуле Үйсімбаева
Фото Сәуле Үйсімбаеваның жеке мұрағатынан

Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің директоры Сәуле Үйсімбаева Республикалық Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласына қатысты айтқан бастамаларына пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Президент өз сөзінде мектептер сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбиенің ошағына айналып, балалардың мектепке зор ынтамен баруы керектігін атап өтті. Сондай-ақ оқушылардың психологиялық жай-күйіне ерекше мән беріп, дарынды балаларды олимпиадалармен қатар ғылыми жобалардағы жетістіктері үшін де ынталандыруды тапсырды.

Сәуле Үйсімбаеваның айтуынша, бұл міндеттер қазіргі мектептің негізгі мақсатына тікелей байланысты.

«Бала үшін мектеп – тек білім алатын орын емес, оның тұлға болып қалыптасатын ортасы. Сондықтан оқушы өзін мектепте қауіпсіз әрі еркін сезінуі маңызды. Білім сапасы мен баланың психологиялық жай-күйін бір-бірінен бөлек қарауға болмайды. Оқушы мектепке қуана келіп, өз қабілетін ашуға мүмкіндік алуы керек», – деді мектеп директоры.

Ол Мемлекет басшысының дарынды балаларды қолдау туралы тапсырмасын да маңызды деп санайды.

«Әр баланың қабілеті әртүрлі. Бір оқушы пәндік олимпиадада, енді бірі ғылыми жобада, өнерде немесе спортта өзінің талантын көрсетуі мүмкін. Сондықтан мектептің міндеті – баланың қабілетін дер кезінде байқап, оны дамытуға мүмкіндік жасау. Мұндай қолдау оқушыны жаңа жетістіктерге ынталандырады», – деді Сәуле Үйсімбаева.

Мектеп директоры білім мазмұнының сапасына қатысты айтылған сын-ескертпелердің де маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінгі оқушыға берілетін білім нақты, сапалы және заман талабына сай болуы керек. Оқу материалы баланың дүниетанымын кеңейтіп, оны ізденуге, ойлануға және болашаққа сеніммен қарауға жетелеуі қажет. Бұл – мектеп пен ұстазға жүктелген үлкен жауапкершілік», – деп түйіндеді ол.

Бұған дейін №103 Жайлы мектептің директоры Жанар Айтованың Президент қатысқан жиыннан кейінгі түйген ой-пікірімен бөліскенін жаздық.