Астанада ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күніне орай футбол матчы өтті

Бүгін, 09:58
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күніне орай футбол матчы өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігінің АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы

Астанада Халықаралық ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күніне арналған шағын футбол матчы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара жастардың АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі хабардарлығын арттыруға, уақытылы тестілеуден өтудің маңызын түсіндіруге және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікке жол бермеуге бағытталды.

Матчқа колледж студенттері қатысты. Спорттық формат қатысушыларды өмірден өткен жандарды еске алу, ынтымақ, салауатты өмір салты және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау идеялары төңірегінде біріктірді.

Спорттық сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды «Астана-Профи» колледжінің командасы иеленді. Екінші орын Сервис және туризм колледжі командасына бұйырды. Үшінші орынды Менеджмент, бизнес және білім колледжі мен Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің командалары өзара бөлісті.

Іс-шара аясында АИТВ инфекциясының алдын алу мәселелері бойынша тақырыптық викторина ұйымдастырылды. Қатысушылар өз білімдерін тексеріп, сенімді ақпарат алып, естелік сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ алаңда ақпараттық кеңес беру бұрышы жұмыс істеді. Онда АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мамандары АИТВ инфекциясының берілу жолдары, сақтану шаралары және тұрақты тексеріліп тұрудың маңызы туралы кеңес берді. Қатысушыларға АИТВ-ға жедел тестілеуден өту мүмкіндігі де ұсынылды. Мұндай жұмыстар жастардың хабардарлығын арттыруға, денсаулыққа жауапты көзқарас қалыптастыруға және ерте диагностиканың маңызын еске салуға ықпал етеді.

«Халықаралық ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күні – өмірден өткен жандардың рухына тағзым ету күні ғана емес, бұл – бәрімізге ортақ жауапкершілікті еске салатын маңызды дата. Бүгінде АИТВ инфекциясын бақылауда ұстауға болады. Уақтылы тестілеуден өтіп, ем қабылдаған адам толыққанды өмір сүре алады. Біздің міндетіміз – алдын алу туралы ашық айту, тестілеу мәдениетін қалыптастыру және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға стигмасыз, кемсітусіз қолдау көрсету», – деді Астана қаласы әкімдігінің АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы директорының міндетін атқарушы Денис Панченко.

АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында АИТВ-ға талдау тегін жүргізіледі. Елорда тұрғындары мен қонақтары дүйсенбіден жұмаға дейін орталыққа жүгініп, тексеруден өтіп, өздерінің АИТВ мәртебесін біле алады.

Сонымен қатар орталықта вирустық гепатиттерге зертханалық зерттеулер қолжетімді. Атап айтқанда, қан құрамынан ИФТ әдісімен В вирустық гепатитінің HBsAg үстірт антигенін анықтау, С және D вирустық гепатиттеріне антиденелерді анықтау, В вирустық гепатитіне кеңейтілген диагностика жасау, мерезге жиынтық антиденелерді анықтау, сондай-ақ АИТВ инфекциясын емдеу тиімділігін бағалауға арналған зерттеулер жүргізіледі.

Халықты қосымша ақпараттандыру мақсатында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ ғимаратының қасбетіне ақпараттық материал орналастырылды. Бұл бастама кең аудиторияны қамтуға және елорда тұрғындары мен қонақтарына тұрақты тестілеудің, сондай-ақ денсаулыққа жауапкершілікпен қараудың маңызын еске салуға мүмкіндік береді.

Астана қаласы әкімдігінің АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы елорда тұрғындарын сенімді ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға, уақтылы тестілеуден өтуге және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты кемсітушілікке жол бермеуге шақырады.