Астанада жиһаз жасаймыз деп елді алдағандар 6 жылға сотталды

7 қыркүйек, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада жиһаз жасаймыз деп елді алдағандар 6 жылға сотталды
фото: ІІМ

Елордада тапсырыспен жиһаз дайындауға қатысты алаяқтық схема әшкереленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратурға сілтеме жасап.

Жәбірленуші Instagram-да жиһаз дайындау туралы жарнаманы көріп, шарт жасасқан. Жиһаз өлшемі алынған соң ол 4,5 млн теңге көлемінде ақша аударған.

Осыдан кейін екі алаяқ онымен байланысқа шығуды тоқтатқан.

«Олардың әрекетінен 19 азамат зардап шегіп, келтірілген залалдың жалпы сомасы 24,6 млн теңгеден асты», - делінген хабарламада.

Сотта мемлекеттік айыптаушы екі сотталушының кінәсін дәлелдейтін барлық дәлелдемені ұсынды.

Сот олардың әрқайсысына 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымын атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырды.

Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық көлемде қанағаттандырылды, олар шығынын сотталушылардан өндіріп алуға құқылы.

Прокуратура азаматтарды ақшаны қолма-қол немесе жазбаша шарт жасаспай жеке банк картасына аудармауға, төлемді растайтын чек пен құжатты талап етуге, сондай-ақ шартта жиһаздың өлшемі мен материалының, бағасын, дайындау және орнату мерзімін, сондай-ақ мерзімін өткізіп алғаны үшін жауаптылықты нақты көрсетуге шақырды.

Еске салсақ, криптовалютамен берілген несиені алғандар алаяқтарға ұрынған.