Астанада жазғы балалар лагерінде «Шығармашылық күні» өтті
Астана қаласындағы №72 мектеп-лицейі жанындағы «Балдырған-2026» лагерінде «Шығармашылық күні» өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Іс-шарада мектепалды және 5-7 сынып оқушыларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі сайыс ұйымдастырылды. Айта кетсек, «Балалар кітапханасы» бойынша «Озық ұлт: оқитын ұлт» жобасы аясында 5-сынып оқушыларынан құралған лагердің «Сөз-қару, ой-қалқан» жарыс ойыны, «SMART BALA» жобалар аясында арнайы кабинетте өткен информатика және STEM үйірмелері, «Еңбегі адал – жас өрен» бағдарламасы аясында болған «Кішкентай аспаздар құпиясы» аспаздық шеберлік жарыстарына кішкентай қатысушылар қызығушылықпен атсалысты.

«Мектепте екі маусым бойы мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді. Мектеп жанындағы «Балдырған» лагері, «Дидарлы жаз», «Жасыл ел», «Айбынды маусым», «Балалар кітапханасы» аясында «Озық ұлт: оқитын ұлт» жобасы, Smart IT, STEAM, ART дизайн үйірмелері нәтижелі жұмыс істеп жатыр.
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға арналған осындай жобалар бойынша бүгінгі күні бірінші маусымда 250 бала, екінші маусымда 270 бала, жалпы саны 520 бала қамтылып отыр», - дейді мектептің тәрбие жөніндегі орынбасары Жанар Көппаева.
Сонымен қатар, бүгінгі іс-шарада «Адал азамат - біртұтас тәрбие» бағдарламасындағы әлеуметтік жобалар аясында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы негізінде кездесу ұйымдастырылды.

