Астанада Қазақстан мен АҚШ әскери музыканттары бір сахнада өнер көрсетті
Елорданың Есіл өзені жағалауындағы Арбат алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Ерлер хоры мен АҚШ-тың Аризона штаты Ұлттық гвардиясының 108-армиялық оркестрі бірлескен концерттік бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Әскери өнерпаздардың музыкалық кеші Астана күніне арналды. Көрермендерге арнап екі елдің танымал музыкалық шығармалары, әскери-патриоттық әндер мен әлемдік классикадан туындылар орындалды.
Қазақстандық өнерпаздардың ұлттық нақыштағы туындылары мен америкалық әскери музыканттардың кәсіби шеберлігі көрермендердің қошеметіне бөленді. Ашық аспан астында өткен концертке елорда тұрғындары мен қала қонақтары көптеп жиналып, әрбір шығарманы ыстық ықыласпен қабылдады.
«Музыкада шекара жоқ екенін бәріміз білеміз. Бізді шетелдік әріптестермен өнер табыстырып отыр, елорда жұртшылығын бірге құттықтайық деп шештік. Мақсатымыз орындалған сияқты. Астаналықтар дән риза, мерекелік күй сыйлағанымызға біз де қуаныштымыз. Мұндай бірлескен жобалар мәдени ынтымақтастықты нығайтып, халықтар арасындағы достықты дәріптеуге де ықпал етеді», – дейді Ұлттық ұлан Ерлер хорының жетекшісі Бауыржан Алтынбеков.
Бұл концерт – өнердің тіл мен шекараға бағынбайтынын, музыка арқылы халықтарды жақындастыратын рухани көпір қалыптасатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.