Референдум-2026

Астанада партиялар сайлауалды үгіт жұмыстарын жалғастырды

Астанада партиялар сайлауалды үгіт жұмыстарын жалғастырды
Коллаж: ЖИ

Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында Астанада саяси партиялардың өңірлік филиалдары еңбек ұжымдары және түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен кездесулер өткізуді жалғастырып жатыр. Кездесулер барысында партиялар сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Әділет» партиясы

«Әділет» партиясының өкілдері Астанадағы №1 қалалық емханада медицина қызметкерлерімен кездесті. Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылып, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау арқылы жұмыспен қамтуды арттыру, құқықтық қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар білім беру саласын дамыту, жаңа мектептер салу және балаларды қосымша біліммен қамту бағытындағы бастамалар айтылды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері елордадағы тұрғын үй кешендерінің мүлік иелері бірлестіктерінің өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында партия бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза үй – Таза ел» жобасының нәтижелері таныстырылып, көпқабатты тұрғын үйлердегі экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қалдықтарды бөлек жинау және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар қатысушылар тұрғын үй секторын дамытуға қатысты пікір алмасып, партияның бастамаларына қолдау білдірді.

«Байтақ» жасылдар партиясы

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері «Астана Орманы» мекемесінің қызметкерлерімен және «Center Concrete» темір-бетон бұйымдары зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Кездесулер барысында экологиялық қауіпсіздік, өндірістегі әлеуметтік жауапкершілік, ESG қағидаттарын енгізу және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, партия өкілдерімен пікір алмасты.

Қазақстан Халық партиясы

Қазақстан Халық партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары мен партия белсенділері Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында ардагерлерді әлеуметтік қолдау, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызметі, қарттардың қоғамдық өмірге араласуын кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қатысушылармен әлеуметтік әділеттілік пен өмір сапасын арттыруға бағытталған бастамалар жөнінде пікір алмасу өтті.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы

«Ауыл» партиясының кандидаттары «Астана-Энергия» АҚ және «iKOMEK109» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесулерде партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік-экономикалық даму, өңірлерді қолдау және азаматтардың ұсыныстарын ескеру мәселелері сөз болды. Қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Астанадағы «Өнер музейі» ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, мәдениет саласын дамыту, өнер қызметкерлерін қолдау және мәдени мұраны сақтау бағытындағы ұсыныстар талқыланды. Сондай-ақ музей қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріліп, ашық пікір алмасу ұйымдастырылды.

«Respublica» партиясы

«Respublica» партиясы Астана қалалық филиалының өкілдері «LED IMPRESS» ЖШС ұжымымен кездесті. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, кәсіпкерлікті қолдау, экономиканы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты бастамалар түсіндірілді. Іс-шара соңында еңбек ұжымы өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, ашық диалог өтті.