Астанада дрон арқылы экологиялық құқық бұзушылық анықталды

Бүгін, 14:52
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада дрон арқылы экологиялық құқық бұзушылық анықталды
Фото: видеодан скрин/polisia.kz

Астанада тазалықты сақтау және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жыл басынан бері қоқысты заңсыз төгу, қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бойынша шамамен 20 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құқық бұзушылықтарды анықтауда заманауи технологияларды қолдануға ерекше назар аударылуда. Мәселен, «Байқоңыр» ауданы аумағын ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы бақылау кезінде полицейлер сұйық бетон қалдықтарын заңсыз төгу фактісін анықтады», - делінген хабарламада.  

Анықталғандай, 44 жастағы SHACMAN жүк көлігінің жүргізушісі сұйық бетон қалдықтарын арнайы белгіленбеген жерге – ғимараттар маңындағы ортақ пайдаланылатын аумаққа төккен. Аталған дерек бойынша құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мұндай әрекеттер қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп, қаланың санитарлық жағдайына кері әсерін тигізеді. Полиция экологиялық нормалар мен абаттандыру ережелерін сақтау әрбір елорда тұрғынының азаматтық міндеті екенін еске салады.

Еске сала кетейік, Астанада «Жасыл ел» жасағының жастары экоакция өткізді.