Header Banner

Астанада «Buyers Union» қаржы пирамидасы басшыларының ісін тергеу аяқталды

Астанада «Buyers Union» қаржы пирамидасы басшыларының ісін тергеу аяқталды
Фото: freepik.com

«Buyers Union» қаржы пирамидасының жұмысын ұйымдастырып, оған басшылық жасады деген күдікке ілінген 5 адамға қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеуді жүргізген агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті мәліметінше, күдіктілер өз қызметін заңды етіп көрсету үшін тұтыну кооперативі мәртебесін пайдаланған. Ірі бизнес орталықтарынан кеңсе жалдап, өңірлерде бөлімшелер ашқан. Кеңселер Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Шу, Алматы, Шымкент қалаларында және басқа да елді мекендерде жұмыс істеген.

Әлеуметтік желі мен интернет платформаларында азаматтарға баспана немесе автокөлік сатып алу үшін «пайызсыз» қарыз алу, қолданыстағы несиесін қайта қаржыландыру немесе Trade-in бағдарламаларын пайдалану мүмкіндігі жарнамаланған.

«Алайда қарыз алудың басты шартының бірі кооперативке жаңа мүше тарту болған. Азаматтар бастапқы үлестік жарнасын төлегеннен кейін кезекке тұрған. Ал кезектің жылжуы жаңадан қосылған қатысушылардың қанша ақша салғанына байланысты болған.

Кооператив мүшелерімен жұмыс істеу үшін «TrustContact» және «TrustMe» цифрлық платформалары пайдаланылған. Олар арқылы келісімшарттарды онлайн жасасуға, жеке кабинетке кіруге, салған қаражатты және кезектің жылжуын бақылауға мүмкіндік берілген», делінген хабарламада.

Осылайша 332 азамат жалпы сомасы 562 млн теңгеден асатын келісімшарт жасаған.

Сот санкциясымен 6 автокөлікке, 5 513 USDT және 1 003 Futeres көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды. Қазір қылмыстық іс сотқа жолданды.

Еске салсақ, Алматыда тұтыну кооперативі атын жамылып жұмыс істеген «R.O.I.» қаржы пирамидасынан 275 адамға 217 млн теңге шығын келтірілген.