Референдум-2026

Астанада бірқатар компания салықты аз төлеу үшін қайта ұйымдастыру рәсімін жүргізген

Астанада бірқатар компания салықты аз төлеу үшін қайта ұйымдастыру рәсімін жүргізген
Фото: freepik.com

Мемлекеттік кірістер органдары бизнесті қайта ұйымдастыру рәсімін пайдалануға негізделген негізсіз салықтық пайда алу схемасын тоқтатты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген салықтық әкімшілендіру барысында бірқатар компанияның қайта ұйымдастыру рәсімін экономикалық мақсаттар үшін емес, қосылған құн салығы бойынша табысты жасанды түрде қалыптастыру мақсатында пайдаланғаны анықталды.

«Аталған схемаға 13 заңды тұлға қатысқан. Анықталған бұзушылықтың жалпы сомасы 2,1 млрд теңге.

Барлық анықталған факті бойынша салықтық әкімшілендіру шаралары жүргізіле отырып, мемлекеттік кірістер органдары қабылдаған шешімдердің заңдылығын сот органдары растады», делінген хабарламада.

Департаменттің мәліметінше, бБүгінгі күні жоғары тұрған сотта (Кассациялық сот) осындай бес іс қаралды.

«Барлық жағдайда түпкілікті сот шешімі мемлекеттік кірістер органдарының пайдасына шығарылды. Қалыптасқан сот практикасы қайта ұйымдастыру рәсімін негізсіз салықтық пайда алу мақсатында пайдаланудың заңсыз екенін растады», делінген хабарламада.

Осындай схемалардың алдын алу мақсатында Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Келесіде заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру рәсімі тек салықтық әкімшілендіруден өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады, оның ішінде камералдық бақылау немесе заңнамада көзделген жағдайда салық бойынша тексеру жүргізіледі.

Енгізілген өзгерістер қайта ұйымдастыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуге және адал салық төлеушілер үшін тең жағдай жасауға бағытталған.

Еске сала кетсек, Мемлекеттік кірістер комитеті микроқаржы ұйымдары қосымша құн салығынан жалтарғанын анықтады.