Астанада AULAFIT жобасының жаңа маусымы басталды

Бүгін, 17:28
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада AULAFIT жобасының жаңа маусымы басталды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада тұрғындарды бұқаралық спортқа тартуға бағытталған AULAFIT әлеуметтік жобасының жаңа маусымы басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Жобаның салтанатты ашылу рәсімі елорданың «Құлагер» тұрғын үй кешенінің ауласында өтті. Ашылу барысында қатысушыларға жазғы маусымда жұмыс істейтін жаттықтырушылар құрамы таныстырылып, жобаның негізгі бағыттары мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат берілді.

«AULAFIT жобасы алты жылдан бері елорда тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып келеді. Осы уақыт аралығында мыңдаған астаналық тұрақты түрде жаттығуларға қатысып, спортты күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырды. Мұндай бастамалар тұрғындардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, белсенді қоғам қалыптастыруға да ықпал етеді. Сондықтан қалада бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.

Оның айтуынша, биыл жоба Астананың алты ауданындағы 30 аулада жүзеге асырылады. Жаттығулар аптасына алты күн өткізіліп, әртүрлі жас санаттарына арналған бағдарламаларды қамтиды.

«Жобаның басты ерекшелігі – оның қолжетімділігінде. Жаттығуларға үш жастан бастап егде жастағы тұрғындарға дейін қатыса алады. Барлық сабақтар білікті мамандардың жетекшілігімен өткізіліп, қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Ең бастысы – қатысу толықтай тегін», – деді жоба жетекшісі Айтжан Мусин.

Айта кетейік, AULAFIT жобасы маусым айынан қыркүйекке дейін жалғасады. Бағдарлама жалпы дене дайындығы жаттығуларын, фитнес элементтерін және белсенді қимыл-қозғалыс ойындарын қамтиды. Жоба аясында сабақтар дүйсенбіден сенбіге дейін өткізіліп, әр жас санатына арналған жаттығулар төмендегі кесте бойынша ұйымдастырылады:
08:00-09:00 – аға буын өкілдеріне арналған жаттығу;
09:00-10:00 – ұлдар мен қыздарға арналған жаттығу;
16:00-17:00 – 6-10 жас аралығындағы балаларға арналған жаттығу;
17:00-18:00 – 11-15 жас аралығындағы балаларға арналған жаттығу;
18:00-19:00 – жастарға арналған жаттығу.

Еске салайық, AULAFIT жобасы Астанада алғаш рет 2020 жылы қала әкімдігінің қолдауымен іске қосылған. Жобаның ұйымдастырушысы – Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы. Жаттығулардың кестесі мен өткізілетін орындар туралы толық ақпарат Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының sport_basqarmasy_astana және aulafit ресми әлеуметтік желі парақшаларында жарияланған.