Астанада 1800-ден астам адам POLICE RUN-2026 бұқаралық жүгірісіне қатысты
Елордадағы Триатлон саябағында Қазақстан полициясы күніне және Ішкі істер министрлігінің ARLAN спорт клубының құрылғанына орай, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған POLICE RUN-2026 бұқаралық жүгірісі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және тұрғындардың дене белсенділігін арттыруға бағытталған іс-шараға 16 жастан асқан азаматтар қатысты. Жалпы қатысушылар саны 1800-ден асты. Қатысушылар 5 шақырымдық қашықтықты бағындырды.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Астана қаласы Полиция департаментінің, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының және Астана қаласы әкімдігіне қарасты Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының ұйымдастыруымен өтті.
«Қатысушылардың басым бөлігі – Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері. Сонымен қатар елорда тұрғындары да шақырылып, жүгіріске қатысуға мүмкіндік алды. Сондықтан алдын ала тіркелген барлық ниет білдіруші қатыса алды», – деді бас төреші Дәулет Хамзин.
Жүгіріске қатысушылардың қатарында құқық қорғау органдарының ардагерлері де болды. Солардың бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің зейнеткері Елеусіз Пардабай бұл спорт түрімен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқанын айтты.
«Жасым 64-те. Астана қаласының тұрғынымын. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің зейнеткерімін. Бүгінгі жүгіріске қатысып, мерекеге өз үлесімді қосуды жөн көрдім. Мен жиі марафондарға қатысамын. Жалпы жүгірумен 46 жылдан бері айналысамын. Ал марафондарға 2021 жылдан бері қатысып келемін. 21 шақырым қашықтықты да жүгіріп көрдім. Көбіне 10 шақырымдық жарыстарға қатысамын», – деді Елеусіз Пардабай.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бұқаралық спорттық іс-шаралар тұрғындарды салауатты өмір салтына баулумен қатар, полиция қызметкерлері мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға да ықпал етеді.