Астанада 100-ден астам запастағы әскери міндетті оқу-жаттығуға аттанды
Астанада запастағы әскери міндеттілерді он күндік әскери оқу-жаттығуға салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара қаланың Қорғаныс істері жөніндегі департаменті аумағында ұйымдастырылды. Жиынға Астана қаласы аумақтық қорғаныс бригадасына (№99255 әскери бөлім) тіркелген 102 запастағы әскери міндетті шақырылды.

«Оқу-жаттығу №18 жалпы білім беретін мектептің базасында өтеді. Он күн бойы әскери міндеттілер өздерінің білімі мен дағдыларын жетілдіретін сабақтарға қатысады. Мұндай жиындар жыл сайын көктемде және күзде ұйымдастырылады. Келесі оқу-жаттығу қыркүйек айында өтеді», – деді Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жұмылдыру ресурстарын тағайындау бөлімінің бастығы, майор Нұрғали Манкеев.
Салтанатты рәсімге Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілдері мен аумақтық қорғаныс бригадасының қолбасшылығы қатысты. Оқу-жаттығу басталар алдында қатысушыларға алдағы дайындықтың негізгі міндеттері, қызметті өткеру тәртібі және әскери тәртіп талаптары түсіндірілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әскери оқу-жаттығулары елдің жұмылдыру резервін даярлау жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Мұндай іс-шаралар әскери міндеттілердің мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын қорғау бойынша міндеттерді орындауға дайындығын жоғары деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Он күндік оқу-жаттығу барысында қатысушылар өздерінің атқаратын лауазымдарына сәйкес теориялық білімдері мен практикалық машықтарын жетілдіреді. Әсіресе, жұмылдыру ресурстарын хабардар ету, қабылдау, шақыру және жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Командалық құрамдағы офицерлер бөлімшелерді жауынгерлік даярлыққа келтіру кезіндегі іс-қимылдарды пысықтап, шешім қабылдау және жеке құрамды басқару дағдыларын жетілдіреді.
Сонымен қатар оқу-жаттығу кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылға да басымдық беріледі. №99255 әскери бөлімінің өкілдері Астана қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерімен, әскери басқару органдарымен, арнайы мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмылдыру іс-шаралары кезіндегі ортақ әрекет алгоритмдерін пысықтайды.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай жиындар аумақтық қорғаныс жүйесін нығайтуға, запастағы әскери міндеттілердің даярлық деңгейін арттыруға және жұмылдыру әзірлігі тетіктерін жетілдіруге ықпал етеді.
Салтанатты шығарып салу рәсімі командалық құрамның ақжарма тілектерімен аяқталды. Олар қатысушыларға оқу-жаттығуды сәтті аяқтап, жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, елдің қорғаныс қабілетін нығайту жолында әскери білімдері мен кәсіби дағдыларын одан әрі жетілдіруге тілектестік білдірді.