Астана әкімінің орынбасары «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» ұжымдарын құттықтады

Бүгін, 14:41
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астана әкімінің орынбасары «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» ұжымдарын құттықтады
Фото: Сұлтан Сейіт

Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді мен қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Жүнісбеков «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің жарық көрген күніне орай «Elorda aqparat» ЖШС ұжымын құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Арнайы келген қала әкімінің орынбасары «Elorda aqparat» медиакомпаниясының тыныс-тіршілігімен танысып, редакция қызметкерлерімен кездесті.

«Elorda aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек медиакомпанияның жұмысы, ақпараттық бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы баяндады. 

​

Кездесуде Талғат Рахманберді «Астана ақшамы» газетінің тарихына тоқталып, басылымның елорда шежіресіндегі орнына ерекше назар аударды.

«1990 жылғы 13 қазанда басылым «Ақмола ақиқаты» деген атаумен жарық көрді. Ол кезде еліміз әлі тәуелсіздік алмаған еді. Содан бері газет Ақмола өңірінің айнасына, шежіресіне айналды. Еліміздің бас қаласының басынан өткерген тарихи кезеңдерін, Астананың қалыптасуы мен қарқынды дамуын қалт жібермей, жылдар жылнамасына айналдырып келеді. Бүгінде «Астана ақшамы»  ел тынысын жеткізетін ақпарат құралы ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдық ойға қозғау салатын беделді басылым. Оқырман сенімін сақтап, қазақ журналистикасының дамуына қосып келе жатқан үлестеріңіз үшін барша ұжымға алғыс білдіремін. Қаламдарыңыз қарымды, шығармашылық ізденістеріңіз жемісті болсын. Газеттің ғұмыры ұзақ, оқырманы көп болғай. Мереке құтты болсын» – деді ол.

Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары «Вечерняя Астана» газетінің де елорда тұрғындары арасында танымал екенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде дәстүрлі баспасөздің де маңызы зор. Мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауды жалғастырады.

Шара аясында «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттері мен Elordainfo.kz сайтының бас редакторларына алғыс хаттар табысталды.

Кездесу кезінде медиакомпания қызметкерлері өз ұсыныстары мен тілектерін жеткізіп, жалақы және баспана мәселелерін көтерді. Талғат Рахманберді аталған әлеуметтік мәселелерді шешуге қолдау көрсетілетінін айтып, ұжымның әр қызметкері үшін есігі ашық екенін жеткізді.