Әскери оқу орнын үздік бітіргендерге атақ беру тәртібі өзгерді
Президенттің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қоюына байланысты әскери жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектерге әскери атақ беру тәртібі өзгереді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған сәйкес «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына толықтырулар әзірленді. Өзгерістер әскери және арнаулы оқу орындарын аяқтаған курсанттарға әскери атақ беру мәселесін қамтиды.
Енді Қазақстанның және шет мемлекеттердің әскери, арнаулы оқу орындарында жоғары білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқу нысанын үздік бітірген түлектерге «аға лейтенант» әскери атағы беріледі. Сонымен қатар, оларға қызмет орнын өз қалауы бойынша таңдау құқығы ұсынылады.
Аталған нормаларды заңнамаға сәйкестендіру мақсатында Президенттің 2006 жылғы 25 мамырдағы №124 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жоба әзірленді. Құжатта үздік түлектерге «аға лейтенант» әскери атағын беру тәртібін заңды түрде бекіту көзделген.
Бұл заңнамалық жаңашылдық әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін нығайтып, курсанттардың оқуда және қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізуге деген ынтасын арттыра түспек.
Бұған дейін елордада XII Халықаралық «Айбын-2026» жиынына қалалық іріктеу жарысы өткенін жазған едік.