Ардақ Саражанов: Әкелерді бала тәрбиесіне көбірек тартуымыз керек

Ардақ Саражанов: Әкелерді бала тәрбиесіне көбірек тартуымыз керек
Фото: Ардақ Саражановтың жеке архивінен

Әкелер күні қарсаңында қоғамдағы әке институтының бүгінгі жай-күйі, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік және отбасы құндылықтары туралы Астана қаласы «Сарайшық» ауданы бойынша Әкелер одағының төрағасы, сондай-ақ жасөспірімдер құқығын қорғау комиссиясының мүшесі Ардақ Саражановпен әңгімелестік. Сұхбат барысында ол қазіргі әкелердің алдында тұрған міндеттер мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселелер жайында ой бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

– Соңғы жылдары қоғамда әкенің рөлі туралы жиі айтыла бастады. Қалай ойлайсыз, бүгінгі күні әке институты қаншалықты өзгерді және оны нығайту үшін ең алдымен не істеу қажет?

– Шынында да соңғы жылдары әкенің қоғамдағы орны мен жауапкершілігі туралы әңгімелер жиі айтылып келеді. Бұл заңды құбылыс. Өйткені заман өзгерген сайын отбасыға, бала тәрбиесіне және ата-ананың рөліне қойылатын талаптар да өзгеруде. Бұрын әкені көбіне отбасының асыраушысы ретінде қабылдасақ, бүгінде бұл түсінік әлдеқайда кеңейді. Қазіргі әке тек табыс тауып, материалдық жағдайды қамтамасыз етумен шектелмеуі керек. Ол баланың тәрбиесіне белсенді араласып, оның дүниетанымының қалыптасуына ықпал ететін тұлға болуы тиіс. Әке баласына бағыт-бағдар беретін тәлімгер, қиын сәтте сүйеу болатын қорған, қажет кезде сырлас дос бола алуы қажет.

Қазақ халқы әкенің рөлін ежелден жоғары бағалаған. «Әке – бәйтерек, бала – жапырақ», «Әкеге қарап ұл өсер» деген сөздердің өзі көп нәрсені аңғартады. Баланың алғашқы өмірлік мектебі отбасы болса, сол мектептің негізгі ұстазының бірі – әке. Әкенің мінез-құлқы, сөйлеген сөзі, адамдармен қарым-қатынасы, еңбекқорлығы мен жауапкершілігі бала үшін күнделікті көріп жүрген үлгі. Сондықтан әке институтын нығайтудың ең тиімді жолы отбасылық құндылығын күшейту. Әкелерді бала тәрбиесіне көбірек тартуымыз керек. Балаға уақыт бөлу, онымен сөйлесу, бірге кітап оқу, спортпен айналысу немесе күнделікті мәселелерін тыңдау сияқты қарапайым дүниелердің өзі үлкен тәрбиелік мәнге ие.

– Әкелер күні жайлы ойыңыз қандай?

– Менің ойымша Әкелер күні жай ғана күнтізбедегі мереке емес. Бұл - қоғамға маңызды ой салатын, әкенің мәртебесін көтеретін ерекше күн.

Кейде біз ананың еңбегін көбірек айтып жатамыз. Бұл дұрыс. Бірақ отбасындағы әкенің орны да сондай маңызды екенін ұмытпауымыз керек. Әкелер күні осы мәселені қоғамның назарына қайта шығаруға мүмкіндік береді. Бұл күн балаларға әкесіне алғыс айтуға, құрмет көрсетуге себеп болса, ересектерге өз жауапкершілігін қайта саралауға мүмкіндік береді. Әкенің отбасыдағы орны тек материалдық қамқорлықпен өлшенбейді. Оның баламен өткізген уақыты, берген тәрбиесі, көрсеткен өнегесі әлдеқайда маңызды. Сондықтан Әкелер күнін мен қоғамдағы жауапты әкелік мәдениетін насихаттайтын маңызды әлеуметтік мереке деп есептеймін.

– Әкелер одағының аудандық төрағасы ретінде қандай мәселелермен жиі кездесесіз? Бүгінде астаналық әкелерді толғандыратын негізгі мәселе қандай?

– Қазіргі қоғамдағы басты мәселелердің бірі уақыт тапшылығы. Көптеген ата-аналар, әсіресе әкелер жұмысбастылықтың салдарынан бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөле алмай жатады. Кейде ата-аналар баласының тамағы тоқ, киімі бүтін болса міндетім орындалды деп ойлайды. Бірақ балаға материалдық жағдайдан бөлек рухани қолдау мен ата-ананың назары қажет. Өкінішке қарай, кейбір әкелер баласының сабақ үлгерімімен, қызығушылықтарымен немесе достарымен таныс емес.

Тағы бір мәселе әкесіз өсіп жатқан балалар санының артуы. Мұндай жағдайда бала өмірінде бағыт-бағдар беретін тұлғаның жетіспеуі түрлі әлеуметтік мәселелерге алып келуі мүмкін. Сонымен қатар қазіргі балалардың көп уақыты цифрлық ортада өтеді. Сондықтан бүгінгі әкелер баланың цифрлық әлемдегі өміріне де бей-жай қарамауы тиіс.

– Жасөспірімдер құқығын қорғау комиссиясының мүшесі ретінде қазіргі балалар арасында қандай өзекті мәселелерді байқап жүрсіз?

– Комиссия жұмысында балалардың қараусыз қалуы мен ата-аналық бақылаудың әлсіреуіне байланысты мәселелер жиі кездеседі. Кейбір жасөспірімдер ата-анасымен ашық сөйлесе алмайды. Нәтижесінде олар өз мәселесін көшеден, әлеуметтік желіден немесе кездейсоқ адамдардан шешуге тырысады. Бұл кей жағдайда түрлі құқықбұзушылыққа немесе психологиялық қиындықтарға алып келеді. Сондықтан біз бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін ерекше атап өтеміз. Әке баланың өміріне белсенді араласқанда ғана оның қызығушылығын, достарын, мінезіндегі өзгерісті уақытында байқайды. Бұл көптеген мәселенің алдын алуға мүмкіндік береді. Отбасы институтын нығайту тек жеке отбасының емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды міндет.

– Әлеуметтік желі мен гаджеттердің ықпалы күшейген заманда әке беделі мен отбасылық тәрбиені қалай сақтап қалуға болады?

– Бүгінгі күні әлеуметтік желіден толық бас тарту мүмкін емес. Олар өміріміздің бір бөлігіне айналды. Бірақ мәселе технологияда емес. Оны қалай пайдалануда. Баланың қолына телефон беру оңай. Ал оның интернеттегі қауіпсіздігін бақылау әлдеқайда қиын. Сондықтан ата-аналар балалармен сенімді қарым-қатынас орнатуы қажет. Бала кез келген мәселесін әкесіне немесе анасына айтып келе алатындай жағдай қалыптасуы керек. Мен әрдайым ата-аналарға баласының қандай контент қарайтынын, кімдермен араласатынын бақылауға кеңес беремін. Сонымен қатар балаға шектеу қоюмен қатар, оның уақытын пайдалы істермен толтыру қажет. Спорт, кітап оқу, өнер және отбасылық қарым-қатынас әлеуметтік желінің теріс ықпалын азайтады.

– Өз тәжірибеңізде белсенді әкенің бала дамуына әсерін көрдіңіз бе?

– Әрине. Мен мұны тек маман ретінде емес, әке ретінде де айтып отырмын. Балаларымның тәрбиесіне белсенді араласуға тырысамын. Мектептегі үлгерімін бақылап отырамын, ұстаздарымен байланысамын, ата-аналар жиналыстарына қатысамын. Балаларымның достарын және олардың ата-аналарын да танимын. Осындай тұрақты назар мен қолдаудың нәтижесінде балаларым оқу мен қоғамдық өмірде жақсы жетістіктер көрсетіп жүр. Олар пәндік олимпиадаларға қатысады, спортпен шұғылданады, музыкалық аспапта ойнайды. Бұл жерде ең маңыздысы – әкенің балаға бөлген уақыты. Өйткені бала үшін ата-анасының назарынан асқан мотивация жоқ.

– Әкелерге қандай қолдау тетіктері жетіспейді деп ойлайсыз?

– Қазіргі таңда әкелерге арналған тәрбиелік және әдістемелік қолдау қажет деп есептеймін. Көптеген әкелер жақсы тәрбие бергісі келеді. Бірақ оны қалай жүзеге асыру керектігін толық білмеуі мүмкін. Сондықтан мектептер жанынан ашылып жатқан «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының» маңызы зор. Бұл орталықтар ата-аналардың тәрбиелік сауаттылығын арттырып, бала тәрбиесіне қатысты қажетті білім мен тәжірибе береді.

– Сұхбатыңызға рахмет!