Ақтөбе облысында ірі жол апатында екі адам көз жұмып, сегіз адам жарақат алды
Ақтөбе облысында жол апаты кезінде бір жеңіл көлік өртеніп, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 9 маусым күні сағат 15:20 шамасында «Ақтөбе – Астрахань» республикалық автожолының 240-шақырымында болған.
«Деректерге сәйкес, Байғанин ауданына қарасты Қарауылкелді ауылының маңында Түрікменстанда тіркелген DAF маркалы жүк көлігі мен Toyota Camry маркалы екі жеңіл автокөлік соқтығысқан. Соқтығыс салдарынан Toyota Camry көліктерінің бірі отқа оранған. Оқиға орнында екі адам алған жарақатынан көз жұмды. Сонымен қатар түрлі дене жарақатын алған сегіз адам жедел жәрдем қызметімен Байғанин аудандық орталық ауруханасына жеткізілді», делінеді хабарламада.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір полиция қызметкерлері жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Еске салсақ, Арыс қаласында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.