Ақмарал Ерекешева Alem Cup турнирінде ересектер арасында алғаш рет өнер көрсетті
Көркем гимнастикадан Астанада өтіп жатқан Alem Cup халықаралық турнирінде Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева өнер көрсетті. Бұл – Ақмаралдың ересек санатындағы алғашқы халықаралық жарысы, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
8 наурыз күні бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Айым Мейіржанова, ересектер сапына енді ауысқан Ақмарал Ерекешева және Италия, Канададан келген спортшылар шығыршық пен доп жаттығуында бақ сынады.

«Шығыршық жаттығуында мансабымдағы ең жоғары ұпайымды (29 ұпай) алдым. Бірақ әлі де жаттығуымды күшейтетін тұстар баршылық. Ал Астана төріне келген Италия мен Канада спортшыларымен бірге сайысқа түсіп жатқаныма қуаныштымын. Олардың да өнерін бақылаймын. Себебі қарсыластарымның халықаралық аренадағы көрсеткіштері жоғары», - деді Ақмарал Ерекешева.
Бұған дейін Ақмарал Ерекешева ересектер санатында тек отандық деңгейде өнер көрсетті. Елордалық спортшы 2026 жылдың ақпан айында Шымкентте өткен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында топ жарған болатын.
«Ересектер арасында сынға түсіп жатсам да, қатты қобалжу бар деп айта алмаймын. Ең бастысы, жаттығуда өнерімді мінсіз орындауға тиіспін. Астанада болсын, шетелде болсын, мен Қазақстанның намысын қорғап жатқандықтан, кез келген жерде сенімді ақтауға тырысамын», - деп Ақмарал Ерекешева өз ойын түйіндеді.
Айта кетейік, Alem Cup халықаралық турнирінің ертеңгі бағдарламасында спортшылар ұршық пен лента сайысымен жарысты тәмамдайды.
Елордада көркем гимнастикадан Alem Cup халықаралық турнирлер желісінде 1 200 спортшы бас қосатынын жазған болатынбыз.
Бұған дейін Ақмарал Ерекешеваның 2026 жылы ересектер сапына ауысатынын хабарладық.
Ақмарал Ерекешева – көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы.