Алматыда әдепсіз контент жариялаған екі блогер әкімшілік қамауға алынды

Алматыда әдепсіз контент жариялаған екі блогер әкімшілік қамауға алынды
видеодан скриншот/instagram.com/almaty.police

Алматы полициясы әлеуметтік желіде әдепсіз сипаттағы бейнематериалдар жариялап, тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтқан екі блогерді жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Құқық бұзушыларға әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындалды.

Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, тікелей эфирлер, стористер мен бейнежазбалар жария кеңістік болып саналады.

«Әлеуметтік желі қолданушылары жариялаған материалдары мен айтқан сөздері үшін заңнамада жауапкершілік көзделгенін, оның ішінде әкімшілік қамауға алу жазасы да қарастырылғанын түсінуі қажет», - атап өтті ол.

Алматы полициясы блогерлерді, стримерлерді және әлеуметтік желі қолданушыларын қоғамдық тәртіпті сақтауға, сөйлеу мәдениетіне мән беруге, әдепсіз материалдар таратпауға және балағат сөздер қолданбауға шақырды.

Еске салсақ, TikTok-тағы әрекеті үшін қарағандылық стример 10 тәулікке қамауға алынды.