Алғаш рет Алтын Ордаға қатысты халықаралық архив құжаттары жұрт назарына ұсынылды
Астанада Алтын Орда тарихына қатысты халықаралық ғылыми симпозиумда көрме ұйымдастырылды. XIII-XV ғасырларда Еуразия кеңістігінде қалыптасқан Алтын Орда мемлекетінің тарихи-мәдени болмысын Қазақстан аумағынан табылған археологиялық жәдігерлер, қолжазба кітаптар және архив материалдары негізінде таныстыруға арналған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Көрменің негізгі идеясы – көшпелі өмір салтына негізделген, бірақ жоғары деңгейдегі мемлекеттік, экономикалық және қалалық мәдениетке ие өркениетті археологиялық, қолжазбалық және архивтік деректер арқылы көрсету.
Бірегей экспонаттар мен ғылыми жаңалықтар қатарында тұңғыш рет халықаралық архивтерден алынған дипломатиялық құжаттар ұсынылды. «Хандар шежіресі» қолжазбасы (XVIII ғ., «Ғылым ордасы» ОҒК) – ұзындығы 267 см болатын каллиграфиялық жәдігер, ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіліміне енгізілген, онда Жошы әулетінен шыққан 104 ханның генеалогиясы бейнеленген.

Гүйік ханның Папа IV Иннокентийге жолдаған хаты (1246 ж., Ватикан апостолдық архиві) – қыпшақ және парсы тілдерінде жазылған Алтын Орданың ең көне дипломатиялық құжаты.
Тоқтамыс ханның (1381 ж., РҒА Шығыс қолжазбалары институты, Санкт-Петербург) және Темір-Құтлықтың (1398 ж., Король сарайы кітапханасы, Вена) тархандық жарлықтары ордалық іс жүргізудің құқықтық әрі каллиграфиялық мәдениетін көрсетеді. Экспозицияны Ұлық Мұхаммед пен Ахмед хандардың Осман империясы сұлтандарына жолдаған дипломатиялық хаттары (Топқапы музейі архиві, Ыстанбұл) толықтырды.
Дала сәні мен киім үлгілері бөлімінде Алтын Орда ақсүйектерінің әлемі таныстырылды. Шеңгелді ескерткішінен (Алматы облысы, XIII – XIV ғ. басы) табылған айдаһар мен феникс бейнеленген жібек маталар Қытай және Иранмен тікелей сауда байланыстары болғанын дәлелдейді. Бозоқ қорымынан табылған арыстан бейнелі күміс білезік пен Сығанақ кесенесінен шыққан алтын бас киім әшекейі жоғары деңгейлі зергерлік өнердің көрсетеді. Болған Ана кесенесінен табылған асыл текті әйелдің келбеті антропологиялық деректер мен заттай бұйымдар негізінде ғылыми тұрғыда қайта қалпына келтірілді. Жасанды интеллект көмегімен Орда дәуіріндегі ер адам мен әйелдің салтанатты киімдері қайта жасалды.

Қазақстан мен Ресей аумағындағы Гашун-Уста, Мульта, Золотарёв қалашығы ескерткіштерінен табылған Алтын Орданың ауыр қаруланған атты жауынгерінің сауыт-сайманы мен қару-жарағы көрсетілді. Нью-Йорктегі Метрополитен музейі коллекциясындағы Жәнібек хан дулығасының 3D-визуализациясы ұсынылды – бұл артефакт Қазақстанда бұрын-соңды көрсетілмеген.
Сарайшық, Сығанақ, Баршынкент, Жент қалаларынан табылған керамика, шыны және темір бұйымдар Орда қалаларының күнделікті өмірін бейнелейді. Асанас қалашығынан табылған медициналық құралдар (қола ара мен қасық) дамыған қалалық өмірдің дәлелі. Баршынкенттен табылған IHS христограммасы бар батысеуропалық сандықша Ордадағы діни төзімділік пен кең сауда байланыстарының заттай айғағы. Хорезмшахтар мемлекетінің, Шағатай және Үгедей ұлыстарының динарлары бар көмбелер қазақстандық қалалардың Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық саудаға қатысқанын дәлелдейді. Сығанақ қаласы мен Жошы хан кесенесінің 3D-реконструкциялары археологиялық қазба және геофизикалық зерттеу деректері негізінде жасалған.

Экспозицияға Алтын Орда дәуіріне жататын 23 қолжазба (7 түпнұсқа, 3 факсимильді басылым, 11 электрондық көшірме) қойылған. Олар Құран, дін, тарих, әдебиет, математика, астрономия және медицина тақырыптарын қамтиды. Олардың қатарында Өзбек ханның Құраны (1318 ж., ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институты, Алматы), Камаладдин ат-Түркманидің астрономиялық трактаты (1354 ж., Принстон университеті, АҚШ), Ахмад Килани жазған Гиппократқа медициналық түсіндірме (1345 ж., Британ кітапханасы, Лондон), Құтбтың «Хұсрау уа Шырын» поэмасы (1341 ж., Франция ұлттық кітапханасы) бар.

Көрме аясында келушілерге тақырыптық бейнематериалдар мен интерактивті контент ұсынылды. Алтын Орда дәуіріне қатысты Қазақстан аумағындағы 70 археологиялық ескерткішті қамтитын интерактивті карта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді.