Референдум-2026

Әкімдіктер 64 мектептің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауы тиіс – Премьер-министр

Әкімдіктер 64 мектептің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауы тиіс – Премьер-министр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіәметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 1 қыркүйекте 47 жаңа мектеп, оның ішінде «Келешек мектептері» жобасы аясында 20 мектеп ашылады. Өңір әкімдіктері оқу жылының басталуына қарай олардың толық функционалдық дайындығын қамтамасыз етсін. Үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуде оң үрдіс бар. Өңірлер 2026 жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауы қажет»,- деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов мектептерді педагог мамандармен және оқу-техникалық базамен қамтамасыз ету мәселелерін қазірден шешу керек екеніне тоқталды.

Премьер-министр 1 қыркүйекке дейін еліміздегі 106 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысын аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.

«Бірқатар өңірде 13 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу екенін атап өтемін. Олардың қатарында Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан және басқа да облыстар бар. Аталған өңір әкімдеріне жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын тікелей бақылауға алуды тапсырамын», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет отырысында Премьер-министр әкімдіктерге қаржыландыру мәселелерін шешуді және мектептерді пәндік кабинеттермен жарақтандыруды жеделдетуді тапсырды.

Олжас Бектенов осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін физика, химия, биология және робототехника бойынша 500 пәндік кабинетті сатып алу жұмысын аяқтауды тапсырды.

«Жалпы, жыл соңына дейін еліміздің мектептерінде барлығы 1400-ден астам арнайы кабинет орнату керек. Бірқатар өңірлер тез арада қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс. Бірінші кезекте, олар – Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ұлытау және Ақмола облыстары. Кабинеттерге қажетті жабдықтарды жылдам сатып алу үшін барлық рәсімдерді тездетуді тапсырамын», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еске салсақ, еліміздегі 2,6 мың шағын жинақты мектепте ЖИ технологиясы енгізіледі.