Әділет министрлігінде жаңа Конституция мен Құқықтық саясат тұжырымдамасы талқыланды
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде ведомствоның Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, жиында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституцияның негізгі ережелері мен жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасының жобасы қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндама жасап, 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда азаматтар қолдаған жаңа Конституция еліміздің мемлекеттік құрылысының жаңартылған моделін қалыптастырғанын атап өтті.

Министрдің айтуынша, жаңа Конституция адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығына, заң үстемдігі қағидатына және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға негізделген.
Сондай-ақ Ерлан Сәрсембаев конституциялық реформаның қолданыстағы заңнаманы кешенді жаңартуға бағытталғанын айтты. Оның аясында жаңа конституциялық қағидаттар мен құндылықтарға негізделген Құқықтық саясат тұжырымдамасы әзірленген.

Министрдің сөзінше, бұл құжат ұлттық құқықтық жүйені одан әрі дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындап, заңнаманы жетілдіруге және құқық қолдану практикасын жаңғыртуға негіз болады.
Кеңес отырысында қатысушылар жаңа Конституциядағы негізгі өзгерістерді, заңнаманы одан әрі жетілдіру тетіктерін және конституциялық реформаны іске асырудың алдағы кезеңдерін талқылады.
Бұған дейін елордалық медицина университетінде жаңа Конституцияның негізгі ережелері талқыланған болатын.