Референдум-2026

14 жылдан кейінгі мұрагерлік талабы қанағаттандырылмады

Бүгін, 16:12
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
14 жылдан кейінгі мұрагерлік талабы қанағаттандырылмады
Фото: magnific.com

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот қайтыс болған ер адамның қызы мен анасы арасындағы дауды қарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

2011 жылы марқұмның анасы Шымкенттегі үй мен жер учаскесіне мұраға құқық туралы куәлік алған. Ал қызы 14 жылдан кейін өзін мұрагерлер қатарына қоспағанын айтып, куәлікті және өсиетті жарамсыз деп тануды сұрады.

Бірінші және апелляциялық соттар оның талабын қолдағанымен, кассациялық сот басқа шешім қабылдады.

«Заң бойынша мұраны қабылдау үшін алты ай мерзім беріледі. Бұл уақытты өткізіп алған жағдайда, тек сот арқылы және дәлелді себептер болғанда ғана қалпына келтіруге болады», - делінген хабарламада. 

Іс материалдарына сәйкес, талапкер осы уақыт ішінде ешқандай әрекет жасамаған, мерзімді қалпына келтіруді сұрамаған және мұраны іс жүзінде қабылдағанын дәлелдей алмаған. Кәмелетке толмаған кезіндегі жағдайына байланысты уәждері де жеткілікті негіз ретінде қабылданбады.

Сот мұрагерлік құқықтарды басқа мұрагерлердің құжаттарына дау айту арқылы қайтару мүмкін емес деген қорытындыға келді. Нәтижесінде төменгі соттардың шешімдері жойылып, талап қанағаттандырылмады.

Еске салайық, бұған дейін Таразда анасымен араласпай кеткен әйелдің мұрагерліктен айырылғаны туралы жаздық.