Жаңа Конституция адами капиталды дамытуға басымдық береді – Жасұлан Бостандықұлы
«Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбындағы «Sarap» сарапшылық клубының отырысы барысында журналистерге берген сұхбатында Президенттік кадрлық резервінің мүшесі Жасұлан Бостандықұлы жаңа Конституцияның ел дамуына ықпалы мен негізгі басымдықтары туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жасұлан Бостандықұлы жаңа Конституцияның күшіне енуін Қазақстан үшін маңызды тарихи кезең деп бағалады.
«1 шілде – еліміз үшін айтулы күн. Жаңа Конституция күшіне еніп, оның негізгі қағидаттары негізінде жаңа кезең басталды. Бұл – халықтың референдум арқылы таңдаған, азаматтардың еркіне негізделген Конституция. Сондықтан оны халықтық Конституция деп атауға толық негіз бар. Ең бастысы – бұл құжат ел игілігі мен азаматтардың мүддесіне қызмет етеді», – деді ол.
Ол жаңа Конституциядағы маңызды бағыттардың бірі – адами капиталды дамытуға басымдық берілуі екенін атап өтті.
«Мен адами капитал сапасын зерттеп жүрген жас ғалым ретінде жаңа Конституцияда білім, ғылым, инновация және технология салаларына берілген басымдықтарды ерекше атап өткім келеді. Бұл – мемлекеттің басты инвестициясы адам капиталына бағытталатынын көрсетеді», – деді сарапшы.
Жасұлан Бостандықұлының айтуынша, қазіргі таңда әлемнің дамыған елдері негізгі капитал ретінде табиғи ресурстарды емес, адамның білімін, білігін және зияткерлік әлеуетін дамытуға қаржы бағыттап отыр.
«Елдің болашағы – білімді, білікті азаматтарда. Сондықтан адами капиталға салынған инвестиция Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына үлкен мүмкіндік береді», – деді ол.
Сонымен қатар Президенттік кадрлық резерв мүшесі жаңа Конституциядағы отбасы құндылықтарына қатысты нормаларға да тоқталды.
«Жаңа Конституциядағы маңызды өзгерістердің бірі – неке мен отбасы институтының айқындалуы. Онда отбасы ер мен әйелдің арасындағы неке одағы ретінде бекітілді. Бұл дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға бағытталған маңызды норма», – деді Жасұлан Бостандықұлы.
Оның пікірінше, жаңа Конституция елдің заманауи даму бағытын айқындап, қоғамдағы негізгі құндылықтарды нығайтуға мүмкіндік береді.