Жамаладен Ибрагимов: Жаңа Конституция адам құқықтарының кепілдігін арттырды
«Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбында өткен «Sarap» сарапшылық клубының отырысы барысында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов журналистерге берген сұхбатында жаңа Конституцияның басты ерекшеліктеріне тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Жаңа Конституцияның негізгі бағыттарының бірі – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту. Сонымен қатар бұл құжат мемлекеттік билік институттарының тиімді жұмыс істеуіне және олардың өзара тепе-теңдігін қамтамасыз етуге негіз қалайды.
Конституцияның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап қана қоймай, оларды мемлекет тарапынан нақты кепілдендіру. Мысалы, мемлекеттік органның заңсыз әрекеті салдарынан азаматқа материалдық немесе моральдық зиян келсе, ол сот арқылы өтемақы өндіруге құқылы.
Жаңа Конституциядағы маңызды өзгерістердің бірі – әрбір азаматтың Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығы. Енді олар мемлекеттік баж төлемей-ақ өз өтініші немесе шағымын тікелей Конституциялық сотқа жолдай алады. Бұл – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтетін маңызды тетік.
Сонымен қатар адам мен азаматтың құқықтарын шектейтін немесе олардың жағдайын ауырлататын заңдардың қолданылуына жол берілмейді. Бұдан бөлек, адвокат мәртебесінің Конституция деңгейінде бекітілуі де азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша кепілдігі болды. Өйткені құқықтық қатынастарда азаматтың заңды мүддесін қорғайтын негізгі тұлға – адвокат», – деді Жамаладен Ибрагимов.
Бұған дейін Жамаладен Ибрагимовтің жаңа Конституция ұзақмерзімді тұрақтылық пен қоғамның әл-ауқатын арттыруға арналғанын айтқанын жазғанбыз.