Валерия Аксенова: Әлі көп еңбектенуге тиіспін
Әйелдер боксының аса ауыр салмағында Қазақстан спортшылары құрлықтық және әлемдік жарыстарда тұрақты түрде жүлде алып келеді. Бұған дейін Ләззат Күнгейбаева мен Елдана Талипова секілді спортшыларымыз табысты өнер көрсетсе, биыл жаңа есім жарқырай көрінді. Бразилияда өткен әлем кубогында топ жарған Валерия Аксенова Elordainfo.kz тілшісіне сұхбат берді.
- Әлем кубогындағы жеңісіңіз құтты болсын! Финалдағы жекпе-жегіңіз қалай өтті?
- Рақмет! Финалдағы кездесу өз ойымдағыдай өтті. Жекпе-жек барысында дәл соққылар жасап, қарқынымды сақтай алдым. Соның арқасында жеңіске жеттім.
- Жеребенің нәтижесі бойынша, сіз тек финалда ғана жұдырықтастыңыз ғой. Мансабыңызда алғаш рет осындай жайт тіркеліп тұр ма? Жарыстың соңғы күнін күткен де жаман шығар?
- Иә, бұл менің тәжірибемде алғаш рет болды. Әлем кубогына арнайы дайындалып барып, бір жекпе-жек қана өткізу қынжылтады. Дегенмен бұл жағдайдың өзіндік себептері бар. Мысалы, 2025 жылы Бразилиядағы әлем кубогының кезеңінде 80 және +80 келі салмақтарында қатысушылар мүлдем болмаған. Үндістандағы финалдық кезеңде де бар болғаны екі боксшы чемпиондықты сарапқа салды. Сондықтан кез келген жағдайға дайын болу керек деп ойлаймын.

- Сіз 2025 жылы алғаш рет Қазақстан чемпионы атанып, 2026 жылы «Странджа» және әлем кубогына қатысып, екеуінде де топ жардыңыз. Қысқа ғана уақытта жеңіске жетуіңіздің сыры неде? Сіз әлі осы салмақтың мықтыларымен шықпадым деп санайсыз ба?
- Ең бастысы – тұрақты жаттығу мен шыдамдылық. Сондай-ақ өзіңе деген сенім өте маңызды. Қиындықтар кез келген спортшының жолында болады. Мойымау керек. Әзірге аса ауыр салмақта Польша, Қытай, Үндістан секілді елдердің өкілдерімен әлі жолым түйіспеді. Болашақта міндетті түрде айқасқа шығатын шығармыз. Өйткені мықтымен шықсаң ғана өзіңнің шынайы деңгейіңді, қателігіңді көресің.
- Сізді бұған дейін күрес, самбомен айналысты деп естідік. Ал бокс жолына қашан және қалай келіп қалдыңыз?
- Бала кезден күрес және самбомен айналыстым. Күресте халықаралық жарыстарда біршама орын алғанмын. Кадеттер арасында ел ішінде көшбасшы болдым. Жастар арасында екінші нөмір едім. Ал самбодан Азия чемпионы және U18 санатында әлем чемпионатының қола жүлдесін иелегенмін. Спорт жолындағы белгілі бір жайтқа байланысты 2019 жылдың соңында боксқа ауысуға шешім қабылдадым. Дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын.
- Сіз неге бокс жолын таңдадыңыз? Басқа да таңдау болды ма?
- Шынымды айтсам, жаңа спорт түрін көргім келді. Сондықтан боксты таңдадым. Сондай-ақ дзюдоға да баруға болар еді. Алайда күрес түрлерінің ішінен дзюдо мені аса қызықтырмады.
- 2019 жылы ауыссаңыз да, сіз тек 2025 жылы ғана Семейде Қазақстан чемпионы атандыңыз ғой. Ел чемпионы атағына қол жеткізу қиынға түсті ме?
- Қазақстан ішінде өзімді мойындатуға көп уақыт кетті деп санаймын. 2020-2025 жыл аралығында өз салмағымда үшінші нөмір болдым. Әсіресе психологиялық жағынан қарсыластарыма есе жіберетінмін. Алайда күрес пен самбо арқылы қалыптасқан мінез, тәртіп, үздік болуға талпыныс секілді факторлардың арқасында 5 жылдан кейін өзімнің діттеген мақсатыма жеттім. Енді халықаралық додалардың шыңын бағындыруға тиіспін.
- Жекпе-жектеріңізді көрген сәтте қарсыластарыңыздан бір бас жоғары секілді көрінесіз? Бірақ әлі бокста жетілдіретін тұстарыңыз көп шығар?
- Мінсіз боксшы болмайды. Боксқа бейімделгеніммен, әлі көп еңбектенуге тиіспін. Қазіргі уақытта жеке бапкеріммен өзімнің әлсіз тұстарымды күшейтуге тырысып жатырмын.
- Сұхбатыңызға рақмет!