Ұлттық электронды кітапхана қорына миллиондаған қолданушы жүгінуде - министрлік
16 мамырда Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат адами капиталды дамытуға, қоғамның зияткерлік әлеуетін нығайтуға және азаматтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Президент тапсырмаларын орындау аясында министрлік кітапхана саласын жаңғырту, кітап оқуды кеңінен насихаттау және халықтың білім мен ақпаратқа қолжетімділігін арттыру бағытында кешенді шараларды қлдға алған. Бұл ретте саланы цифрландыруға ерекше мән берілуде.
«Бүгінде ұлттық жазба мұрамызға кеңінен қол жеткізудің негізгі құралдарының бірі – ұлттық электронды кітапхана, яғни ҚазҰЭК. Порталда кітаптар, сирек құжаттар мен қолжазбалар, мерзімді басылымдар, диссертациялар, архив материалдары, аудио және бейнежазбалар, карталар және басқа да цифрлық ресурстар жинақталған», делінген хабарламада.
Жыл басынан бері ҚазҰЭК материалдары 3,6 млн-нан астам рет қаралған. Қашықтан пайдаланушылар саны 295 116 адамға жетсе, электронды көшірмелерді жүктеу көрсеткіші 891 551-ді құрады. Осы кезеңде электронды кітапхана қорына 2 506 цифрлық көшірме енгізіліп, 437 құжат өңдеуден өткізілді және 127 555 бет сканерленген. Қазіргі таңда ҚазҰЭК-тің жалпы қорында 86 315 құжат бар. Оның ішінде 10 мыңнан астам қолжазба мен сирек кітап сақталған.
Бүгінде электронды кітапхана қызметін әлемнің 122-ден астам елінің оқырманы пайдаланады. Порталға Қазақстан, Қытай, Ресей, АҚШ, Вьетнам, Өзбекстан, Түркия, Германия, Франция және Қырғызстан тұрғындары ерекше қызығушылық танытуда. Электронды құжаттар әлемнің 70 тілінде ұсынылған.
Порталдағы барлық материалды тіркелусіз-ақ еркін қарауға болады. ҚазҰЭК қорында «Мемлекеттік бағдарламалар аясында жарық көрген кітаптар», «Сирек құжаттар мен қолжазбалар», «Түркітілдес елдер кітапханасы» және басқа да тақырыптық жинақтар бар.
«Алдағы уақытта бұл жұмыс Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру арқылы жаңа деңгейге көтерілмек. Бірыңғай платформа электронды каталогтарды, цифрлық қорларды, білім беру ресурстары мен заманауи сервистерді өзара біріктіреді. Соның нәтижесінде азаматтар тұрғылықты жеріне қарамастан отандық әдебиетке, ғылыми басылымдарға, сирек кітаптар мен архив материалдарына еркін қол жеткізе алады», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, елімізде технологиялар мен жасанды интеллектке арналған IT Quest квесті басталды.