Тимур Бектұр: «Жасанды интеллектіні бала тәрбиесіне қызмет еткізу керек»

24 маусым, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Тимур Бектұр: «Жасанды интеллектіні бала тәрбиесіне қызмет еткізу керек»
Фото: Сұлтан Сейіт

Жасанды интеллектіні зерттеуші Тимур Бектұр «Зерделі ұлт: оқу мәдениеті және ұлт болашағы» атты Aqsham Talks зияткерлік алаңында қазіргі қоғам бұрын-соңды болмаған ақпараттық дәуірде өмір сүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Оның сөзінше, бүгінгі адам бір күнде ата-бабаларымыздың өмір бойы жинаған білімінен де көп ақпарат тұтынады.

«Зерттеулерге сүйенсек, адам күніне шамамен 34 гегабайт ақпарат қабылдайды. Бірақ сол ақпараттың қаншасы санамызда сақталады? Кешегі істеген нәрсемізді ұмытып қаламыз.  Әлеуметтік желілерді қарап отырып-ақ миымызға орасан көп мәлімет енгіземіз. Алайда оның басым бөлігі талданбайды, ой сүзгісінен өтпейді», – деді ол.

Спикердің айтуынша, мұндай жағдайда кітап оқудың маңызы арта түседі. Дегенмен қазіргі балаларды жасанды интеллекттен толықтай алыстату мүмкін емес.

«Бүгінгі күні балаға ChatGPT немесе басқа жасанды интеллект құралдарын қолданба деп айта алмайсыз. Ол – абсурд. Керісінше, ата-аналар ЖИ-ді пайдалы құралға айналдыра білуі керек. Мысалы, жасанды интеллект жүйесіне қазақтың мақал-мәтелдерін енгізіп, балаға арналған жеке чат-бот құруға болады. Сонда бала қандай сұрақ қойса да, ЖИ мақал-мәтелмен жауап беретін болады. Осылайша ол қазақ мақал-мәтелдерін білетін болады, байқамай-ақ ұлттық мұраны меңгереді», – дейді Тимур Бектұр.

Ол мидың ақпаратты күштеусіз қабылдаған кезде жақсырақ меңгеретінін атап өтті. Сондықтан технологияны дұрыс пайдалану арқылы балалардың сөздік қорын байытып, ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар Тимур Бектұр қазақ әдебиетін жаңа форматта насихаттау бағытында жүзеге асырған жобалары туралы айтты. Оның бірі – «Абай жолы» романын инфографика түрінде ұсыну.

«Мен үшін «Абай жолы» ерекше шығарма. Оны аудио, видео, сурет, анимация форматтарында да жасап көрдім. Оның ішінде ұнайтыны – инфографика. Себебі, инфографика арқылы шығарманың құрылымын, кейіпкерлер туралы мәліметтерді, олардың мәтінде қаншалықты жиі кездесетінін, шығарманың негізгі идеясы мен оқиғалары өткен локацияларды көрсетуге мүмкіндік туады», – деді ол.

Жобаны жасауға оның ұлы Әбдірахманның әлеуметтік желіден көрген бір бейнеролигі себеп болған. Бейнероликте Абайдың тарихи тұлға емес, әдеби кейіпкер екені туралы жалған ақпарат таралған.

«Балам маған «Абай өмірде болмаған екен» деген видеоны көргенін айтты. Сендің бе десем, «сенбедім, бірақ ойланып қалдым» деді. Мәселе осында. Санасына күмән ұяласа, адам екіұдай күйде қалады. Сондықтан технологияны пайдаланып, тарихи деректерді, Абай жүрген жерлерді, оның идеялары мен өмір жолын көрнекі түрде көрсету маңызды», – дейді ол.

Оның пікірінше, қазіргі балалар ақпаратты көбіне визуалды түрде қабылдайды. Сондықтан әдебиет пен тарихты заманауи технологиялардың көмегімен түсіндіру – уақыт талабы.

Бүгінде Тимур Бектұр Абаймен виртуалды сұхбат құруға мүмкіндік беретін және қазақ хандары туралы мәлімет беретін чат-боттар да әзірлеген.

«Технологиядан қашпайық, оны дұрыс пайдалана білейік. Кітап оқитын, ойлайтын ұлтқа айналайық», – деп түйіндеді Тимур Бектұр.