Қызметтік міндетін орындау кезінде көз жұмған астаналық фельдшерге арналған ескерткіш тақта ашылды
Бүгін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы ғимаратының қабырғасына қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, туыстары және жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері қатысты.

«Ұлдана Қалдарханқызы 2017-2021 жылдары Астана қаласындағы «Даналық» колледжінде емдеу ісі мамандығы, фельдшер біліктілігі бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен бітірген. Бүгін сол колледжде Ұлдананың атындағы арнайы кабинет ашылады. Оқу бітіргелі 4 жыл көлемінде өмірінің соңғы күніне дейін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында еңбек етті. Жас болса да, кәсіби адалдығымен көзге түскен және шұғыл жағдайларда өз бетінше шешім қабылдай алған, жұмысын жоғары шеберлікпен атқарған маман. Ұлдана Қалдарханқызының туған-туыстарына, анасына, жақындарына, жұбайына, жедел жәрдем қызметкерлері ұжымына Қазақстандағы медицина саласында жұмыс істеп жүрген 300 мыңнан аса қызметкердің атынан, өз атымнан қайғырып, көңіл айтамын», - деді министр.

Сонымен қатар министр Ұлдархан Мызуанның есімі отандық медицина тарихында жазылатынын атап өтті.
«Бүгін қабылданып жатқан заңдар әрқайсымызға тек қорғау емес, соңдарыңыздан келе жатқан жас буынға да өздерінің мамандықтарына адалдығын одан әрі нығайтады деп білемін.
Осындай қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген Ұлдананың ата-анасына рақмет айтамын. Сіздерге жұбататын сөз табу қиын. Бұл қаралы хабарды бәріміздің қабырғамыз қайысып қабылдағанымызды жеткізгім келеді.
Құрметті әріптестер! Қай жерден қауіп келетінін білмесеңіздер де, 24 сағат бойы тынымсыз еңбек етіп жүргендеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіремін», - деді Ақмарал Әлназарова.

Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы қызына құрмет көрсетіліп жатқаны үшін денсаулық сақтау министрі мен медицина саласының қызметкерлеріне алғысын айтты.


Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері ескерткіш тақта алдына гүл шоқтарын қойды.

Ескерткіш тақтаның ашылуынан кейін жедел медициналық жәрдем станциясы мекемесінде жайылған дастарқан басында Астана қаласындағы Шейх Кунта қажы мешітінің бас имамы Бекқожа Өмірзақ марқұмның рухына арнап Құран бағыштады.

Естеріңізге сала кетейік, елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні ауруханада қайтыс болған еді.
Артынша Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан (марқұм) «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.