Құрылтай демографиялық өзгерістерге заңнаманы жедел бейімдеуге мүмкіндік береді – Сәуле Дюсупова

Құрылтай демографиялық өзгерістерге заңнаманы жедел бейімдеуге мүмкіндік береді – Сәуле Дюсупова
Фото: Сәуле Дюсупованың жеке мұрағатынан

Демограф, Ph.D, Қазақстандық қоғамдық даму институтының ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Сәуле Дюсупова Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында айтқан сөздеріне пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, жаңа Құрылтайдың ықшам құрылымы елдегі демографиялық өзгерістерге заңнаманы жедел бейімдеуге мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуындағы бүгінгі сөзінің басты нәтижесі – ауқымды архитектурадан ықшам әрі жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін нормативтік басқару моделіне көшу деп бағалаймын. Демография тұрғысынан алғанда, 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламентке көшу тек саяси реформа ретінде қарастырылмауы керек. Бұл – институционалдық кедергілерді азайтуға бағытталған қадам. Бүгінде Қазақстандағы демографиялық процестер өте жылдам өзгеріп жатыр: отбасы құрылымы жаңаруда, солтүстік пен шығыста егде жастағы тұрғындардың үлесі артып келеді, оңтүстік өңірлер мен мегаполистерге жастардың ағымы жоғары, еңбек нарығы да қайта құрылуда.

Осы жағдайда бір палаталы Құрылтайдың басты артықшылығы – заңнаманың өзгерістерге жедел бейімделуі. Бұл заңдардың демографиялық өзгерістерді бірнеше жылдан кейін ғана тіркеп қоймай, болашақтағы қажеттіліктерді алдын ала ескеріп жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», – деді Сауле Дюсупова.

Сарапшының пікірінше, нормативтік-құқықтық базаны қайта қарау барысында өңірлердің демографиялық ерекшеліктерін ескеру маңызды.

«Қазақстан қазір өңірлер арасындағы терең демографиялық алшақтық жағдайында тұр. Оңтүстік өңірлер мен мегаполистерде заңнама мектептер салу, жаңа жұмыс орындарын ашу, жас аналардың икемді жұмыспен қамтылуын ынталандыру сияқты тетіктерді жедел іске қосуға мүмкіндік беруі қажет. Ал халық саны азайып, тұрғындар қартаюымен бетпе-бет келген солтүстік және шығыс өңірлерге мүлде басқа нормативтік шешімдер керек. Мұнда гериатрияны, ұзақ мерзімді күтім инфрақұрылымын дамыту, жергілікті жұмыспен қамтуды сақтау және «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын нақты қажеттіліктерге қарай жетілдіру маңызды. Әсіресе дәрігерлер мен әлеуметтік сала мамандарына арналған ынталандыру тетіктерін күшейту қажет», – деді ол.

Сәуле Дюсупова жаңа заңнамалық модельдің тиімділігі оның демографиялық процестерді тек тіркеп қоймай, олардың ықтимал салдарын алдын ала ескеруіне байланысты екенін атап өтті.

«Қазақстанның демографиялық процестері жоғары қарқынмен өзгеріп жатқан кезде заңнаманың да осы өзгерістерге ілесуі қажет. Әсіресе өңірлер арасындағы айырмашылықтарды ескеретін икемді әрі бейімделгіш мемлекеттік саясат қажет.

Сондықтан Құрылтайдың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – демографиялық ахуалды ескере отырып, әлеуметтік және экономикалық шешімдерді уақытылы қабылдауға мүмкіндік беретін нормативтік базаны қалыптастыру», – деді демограф.

Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясында көтерген мәселелеріне қатысты Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аға оқытушысы Жанат Момынқұлов та пікір білдірген еді.