Референдум-2026

Қуанышбек Мұқаш: «Заң мен тәртіп» қағидаты – Әділетті Қазақстанның негізгі тірегі

Қуанышбек Мұқаш: «Заң мен тәртіп» қағидаты – Әділетті Қазақстанның негізгі тірегі
Фото: Нұрдәулет Кәкіш

Құқық саласының сарапшысы, Қайтарылған активтерді басқару компаниясының бас директоры Қуанышбек Мұқаш «Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбындағы «Sarap» сарапшылық клубының отырысында «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамдағы орны мен оның нақты нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қуанышбек Мұқаш жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтап, елімізде жүзеге асырылып жатқан құқықтық реформалардың маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты құқық қорғау органдарының қызметімен ғана шектелмейді. Бұл – бүкіл қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз етіп, заңсыздықтың алдын алуға және Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған кешенді ұстаным.

«Заң мен тәртіп қағидатының басты мақсаты – заңның әділ орындалуын қамтамасыз ету. Заң барлық азаматқа бірдей қолданылып, әркімнің құқығы тең дәрежеде қорғалуы тиіс. Құқықтық мемлекет құрудың негізгі шарты да – осы», – деді сарапшы.

Қуанышбек Мұқаштың сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін беріп келеді.

«Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, құқық бұзушылықтар саны соңғы жылдары айтарлықтай азайды. Сонымен қатар екі жарым миллионнан астам қазақстандық өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік алды. Оның ішінде әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі, заңсыз қозғалған істердің тоқтатылуы, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және заңсыз әрекеттердің жолын кесу сияқты маңызды мәселелер бар», – деді ол.

Сарапшы мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы да заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналғанын атап өтті.

«Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі цифрлық форматқа көшірілді. Соның нәтижесінде азаматтар қажетті қызметтерді ашық әрі қолжетімді түрде ала алады. Бұл – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді», – деді Қуанышбек Мұқаш.

Ол Әділетті Қазақстанды құру ісінде тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі маңызды екенін жеткізді.

«Президент бастамашы болған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру – құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес. Әрбір азамат, әрбір сарапшы мен қоғам өкілі заңға құрметпен қарап, құқық бұзушылықтың алдын алуға өз үлесін қосуы қажет. Сонда ғана біз заң үстемдігі орныққан, әділетті қоғам қалыптастыра аламыз», – деп түйіндеді Қуанышбек Мұқаш.