Қазақстанның IT-экспортының көлемі $700 млн құрады

Бүгін, 17:10
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қазақстанның IT-экспортының көлемі $700 млн құрады
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен

Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытудың негізгі элементі Astana Hub экожүйесі болып қала береді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ведомствоның бір жылдағы қызметінің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бұл алаң бүгінде екі мыңға жуық IT-компанияны біріктіреді. 2025 жылы хаб желісі 20 аймақтық және 4 халықаралық сайтты қамтиды. Қатысушылардың табысы 800 млрд теңгеге жетіп, 20%-ға өсті, ал елдің IT-экспортының көлемі $700 млн құрады.

«Халықаралық хабтар арқылы 100-ден астам қазақстандық стартап шетелдік нарықтарға шықты. Экожүйеде аймақтың алғашқы технологиялық "сыңармүйіз" компаниясы пайда болды, ол – Higgsfield.ai. Ал венчурлық қаржыландыруды дамыту үшін мақсатты көлемі $1 млрд болатын Qazaqstan Venture Group құрылды, қазіргі уақытта $115 млн қаражат тартылды», - деп толықтырды Жаслан Мадиев.

Бұған дейін Үкімет 2025 жылғы цифрлық саланың дамуын қорытындылағанын жаздық.