Қазақстаннан 12 тонна жанармайды заңсыз шығармақ болғандар ұсталды
Қазақстанда арзан жанармайды шетелге заңсыз шығаруға әрекеттенгендерге қатысты бақылау күшейтілді. Соңғы бір айда құқық қорғау органдары 12 тоннаға жуық жанар-жағармайдың елден шығарылуына тосқауыл қойып, рұқсатсыз үлкейтілген жанармай бактары орнатылған 54 көлікті анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда кейбір техникалық қызмет көрсету станциялары көліктерге рұқсатсыз қосымша жанармай бактарын орнатып, арзан отынды шетелге заңсыз тасымалдауға жағдай жасаған. Ішкі істер министрлігі мұндай заңбұзушылықтардың жолын кесу үшін шекарадағы бақылауды күшейтті.
Қазақстанда көліктерді заңсыз қайта жабдықтау арқылы жанар-жағармай материалдарын (ЖЖМ) шетелге контрабандалық жолмен шығаруға көмектескен автосервистер анықталды.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта мемлекеттік шекарадағы 48 автомобиль өткізу пунктінде 59 патрульдік полиция бекеті жұмыс істеп тұр. Полицейлер көрші елдерге арзан қазақстандық жанармайды заңсыз шығаруға әрекеттенетін жүргізушілерді анықтауда.
Тексерулер, әсіресе, Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарында күшейтілген.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің дерегіне сәйкес, соңғы бір айдың өзінде 12 тоннаға жуық жанармайдың заңсыз шығарылуына тосқауыл қойылған.
Рұқсатсыз үлкейтілген жанармай бактарымен жабдықталған 54 көлік ұсталып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары контрабандашыларға қызмет көрсеткен жасырын автосервистерді тексеруге кірісті. Мәселен, Жамбыл облысының Қордай ауылында полицейлер мен салық қызметкерлері 16 техникалық қызмет көрсету станциясына рейд жүргізген. Осылайша, кейбір шеберханаларда ешқандай рұқсат құжаттарынсыз қосымша жанармай бактары орнатылғаны анықталды. Алты автосервис иесіне қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді.
ІІМ заңсыз мұнай өнімдерінің сыртқа шығарылуы елдің экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін атап өтті. Сондықтан мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Ведомство бұл жұмыс ішкі істер министрінің жеке бақылауында екенін мәлімдеді.