Қазақ тіліндегі цифрлық контентті көбейту керек – Серікзат Дүйсенғазы
Қазақ тілінің болашағын қамтамасыз ету үшін мектеп пен балабақшадағы жұмыспен ғана шектелуге болмайды. Әсіресе, балалардың уақытын гаджеттерге көбірек арнап отырған қазіргі кезеңде қазақ тіліндегі сапалы цифрлық өнімдерді көбейту қажет. Бұл туралы ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, баланың тілдік ортасына телефон, компьютер және әлеуметтік желілер арқылы келетін контенттің ықпалы өте жоғары.
«Бүкіл жауапкершілікті мектеп пен балабақшаға артып қоятын болсақ, кеш қаламыз. Баланың қолындағы телефон, ноутбук, гаджеттер арқылы келетін ақпараттың әсері өте зор», – деді Серікзат Дүйсенғазы.
Оның пікірінше, қазақ тілін дамыту үшін балалардың өздері қызығып көретін әрі тыңдайтын сапалы контент қажет. Мұндай өнімдер тек қазақша сөйлейтін балаларға емес, өзге тілде сөйлейтін аудиторияға да тартымды болуы тиіс.
«Біз баланың санасына әсер ететін өнімді өзіміз жасауымыз керек. Қазақ тіліндегі балаға да, басқа тілде сөйлейтін балаға да қызықты болатын сапалы өнім ұсынуымыз қажет. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде қарау керек», – деді ол.
Серікзат Дүйсенғазы қазіргі ақпараттық ортада тілдің бәсекеге қабілетті болуы оның цифрлық кеңістіктегі қолданысымен де тікелей байланысты екенін атап өтті.
Бұған дейін жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шархан Қазығұл да қазақ тілінің қоғамдағы орны туралы пікір білдірген болатын.