Отанымызды өзімізден басқа ешкім қорғамайды: Сириядағы қазақстандық бітімгер әскери

Отанымызды өзімізден басқа ешкім қорғамайды: Сириядағы қазақстандық бітімгер әскери
Фото: Диас Болаттың жеке мұрағатынан

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Elordainfo.kz тілшісіне сұхбат берген Сириядағы бітімгерлік миссияда қызмет атқарып жүрген Қазақстан Қарулы Күштері Арнайы операциялық күштерінің 74884 әскери бөлімінің аға сержанты, жарушы Диас Болат шетелдегі әскери қызметтің ерекшелігі, қауіпсіз аймақтағы күнделікті міндеттері және бітімгерлік миссияның мәні туралы айтып берді.

– Диас Жаханшаұлы, әскери қызметке келуіңізге не түрткі болды?

– Әскери қызметке келуімді кішкентай кезімнен анам армандаған. Сол себептен мен әскери өмірімді Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» әскери мектебінде бастадым.

– Бітімгерлік миссияға қалай іріктелдіңіз?

– Әскери бөлімге бітімгершілік миссияға іріктеу жүріп жатыр деген ақпарат келгеннен кейін өз бағымды сынап көруге бел будым. Бітімгершілік миссияға арналған арнайы іріктеу талаптарынан өттім. Оның ішінде: әскери қызметте үш жыл еңбек өтілімі болуы, медициналық тексеріс, дене даярлығы, психологиялық тест, ағылшын тілі және атыс даярлығы болды. Осы сынақтардың барлығынан өтіп, екінші ұлттық контингент құрамына атқыш-парамедигі болып тағайындалдым.

– Сирия миссиясына аттанарда қандай ойда болдыңыз?

– Мен Сирия еліне аттанарда, ең алдымен, қазіргі саяси және әскери тұрақсыздық жағдайында бітімгер қызметін атқара отырып, өзіме болашаққа тәжірибе жинауды мақсат еттім.

– Алғаш Сирия жеріне табан тіреген сәтте ең бірінші нені байқадыңыз? Иісі, дыбысы, ауа райы сол жердің әсері қандай болды? Қай сәтте «мен шынымен миссиядамын» деп анық сезіндіңіз?

– Сирияға келгенде бірінші кезекте әуежайдан-ақ елдің әлеуметтік жағдайын көрдім. Сондай-ақ ел астанасы Дамаск қаласында соғыстың салдарынан қираған үйлерді, оқ іздері қалған қабырғаларды көргенде өзімді нақты миссияда жүргенімді анық сезіндім.

– Бітімгер ретінде негізгі міндеттеріңіз қандай? Бір күніңіз қалай өтеді?

– Біздің басты міндетіміз – өзімізге жауапты аймақта, яғни екі тараптың қақтығысын ажырату аймағында бақылау жүргізу. Бақылауды біз бақылау мұнаралары арқылы, мобильді патруль арқылы және уақытша күндізгі-түнгі бақылау бекеттерін құру арқылы жүзеге асырамыз.

– Қауіпсіздік тұрғысынан ең күрделі тұстар қандай?

– Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, бітімгер қаруланған адам бірінші күш қолданбайынша, ешқандай күш қолдана алмайды. Сол себепті бітімгерлердің қызмет барысында денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар аз емес.

– Жергілікті халықпен қарым-қатынас қалай қалыптасты? Олар сіздерді қалай қабылдады? Есте қалған бір адам бар ма? Сізді ең қатты таңғалдырған не нәрсе болды?

– Жергілікті тұрғындармен көбінесе мобильді патруль кезінде қарым-қатынасқа түсіп, сұхбаттасамыз. Олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін, бізге деген көзқарасын бақылаймыз. Сонымен қатар құқықбұзушылықтар, жарылмаған снарядтар, миналар мен бомбалар туралы ақпараттар аламыз.

Бізге көмектескен жергілікті тұрғындардың бірі аудармашы Халит есімде қалды. Ол жергілікті халықпен жұмыс істеуде үлкен қолдау көрсетті.

Таңғалдыратын жағдайлардың бірі патруль кезінде 9-10 жастағы кітап оқып отырған баланы көрдік. Оның қолындағы кітапты қарасақ, ішінде жарылмаған снарядтар, миналар мен бомбалардың суреттері және олардан қорғану нұсқаулықтары берілген екен.

– Есте қалған ерекше оқиғаңызбен бөлісе аласыз ба? Миссия барысында күтпеген жағдайлар болды ма?

– Тағы бір есте қалған жағдай – патруль кезінде екі көлік жол-көлік оқиғасына түсуі. Бірақ олар ешқандай полиция шақырмай, өзара қол алысып, жағдай сұрасып, бір-бірінен кешірім сұрап, әрқайсысы өз жолымен кетті. Сол сәтте жергілікті тұрғындар үшін адам өмірінен маңызды ештеңе жоқ екенін түсіндік.

– Отбасыңызбен байланыс қалай жүзеге асады?

– Отбасымызбен ұялы телефон арқылы, WhatsApp желісімен бейнеқоңырау арқылы хабарласып тұрамыз.

– Бітімгерлік миссияның әлемдік қауіпсіздік үшін маңызы қандай?

– Бітімгершілік миссияның әлемдік қауіпсіздік үшін маңызы өте зор деп ойлаймын. Себебі ол елдер арасындағы тұрақтылықты сақтау, бейбіт тұрғындардың өмірін қорғау, босқындарға әлеуметтік, медициналық және психологиялық көмек көрсету сияқты маңызды міндеттерді қамтиды.

– Мұндай миссия әскери ретінде сізді қалай өзгертті? Өмірге көзқарасыңыз өзгерді ме? Бұрынғы кезіңіз бен қазіргі кезіңізді салыстырсаңыз, ең үлкен өзгеріс қандай?

– Әскери ретінде кез келген жағдайға дайын болу керек екенін түсіндім. Мен үшін ең үлкен өзгеріс – төзімділік пен сабырлықтың артуы, қауіпті жағдайда тез шешім қабылдау және эмоцияны басқару дағдысының қалыптасуы болды. Көп нәрсеге сабырмен қарауды үйрендім.

– Бұл миссия туралы адамдар жиі қате түсінетін нәрсе не?

– Көп адам бітімгерлерді үнемі атыс-шабыс ортасында жүреді деп ойлайды. Шындығында, бітімгердің басты міндеті – соғысу емес, керісінше, соғысты тоқтату. Олар патруль жасайды, жергілікті халыққа көмектеседі, гуманитарлық жүк таратады және екі тарапты ажыратып тұрады. Қару тек өзін қорғау үшін қолданылады. Уақыттың 90 пайызы бақылау, күту және келіссөз жүргізумен өтеді.

– Сириядағы бітімгерлік миссияда жүріп, Қазақстанның жаңа Конституциясында айқындалған патриотизм, заңдылық және бірлік құндылықтары сіздің күнделікті қызметіңізде қалай көрініс табады?

– Сириядағы қызметте патриотизм біздің кім екенімізді ұмыттырмайды. Заңдылық қалай әрекет ету керектігін көрсетеді. Ал бірлік не үшін қызмет етіп жүргенімізді түсіндіреді. Осы үш құндылық қосылғанда ғана қазақстандық бітімгер нағыз кәсіби жауынгер болып шығады. Біз алыста жүрсек те, Ата заңымыздың рухын ала жүреміз. 

– Демалыс сәттерінде немен айналысасыздар? Бір-біріңізді қалай қолдайсыздар?

– Мен өзіммен бірге алып жүрген негізгі дағдылар — жоспарлау, тапсырманы уақытында орындау, тәртіп. Бұл қасиеттер автоматты түрде қалыптасып, өмірімде үлкен артықшылыққа айналды.

Елге оралғанда ең алдымен не істегіңіз келеді?

– Елге оралғаннан кейін ең бірінші ата-анаммен, бауырларыммен қауышып, сағынышымды басқым келеді.

– Қазақстандықтарға 7 мамырға қандай тілек айтасыз? Жастарға әскери қызмет туралы не айтар едіңіз?

– Құрметті қазақстандықтар, сарбаздар, офицерлер және ардагерлер! 7 мамыр – ел тыныштығын күзеткен нағыз ерлердің мерекесі. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Ел іргесі тыныш болсын, қаруларыңыз оқу-жаттығуда ғана атылсын. Нағыз соғысты көрмеу – ең үлкен бақыт. Абыройларыңыз биік болсын!

Халық сенімін ақтап жүрген әр сарбазға бас иеміз. Үйлеріңізде күтіп алатын жандарыңыз аман болсын. Әскери адам үшін ең қиыны – сағыныш. Сол сағыныш тек қуанышпен аяқталсын.

Ардагерлерге тағзым! Қазір қызметте жүрген жігіттерге қайрат, ал Отан қорғауға дайын тұрған жастарға алғыс!

Жастарға айтарым: Отан қорғаудан қашпаңыздар. Өз Отанымызды өзімізден басқа ешкім қорғамайды.

– Сұхбатыңызға рақмет! Миссия сәтті аяқталып, елге абыроймен оралуларыңызға тілектеспін!