Нұржан Насанов: 12 жылдан кейін Қазақстанға бокстан Азиаданың алтын жүлдесін қайтардық

Нұржан Насанов: 12 жылдан кейін Қазақстанға бокстан Азиаданың алтын жүлдесін қайтардық
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов Elordainfo.kz тілшісіне Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарын қорытындылап, Қазақстан чемпионаты бойынша ойымен бөлісті .

- 21 қыркүйек - 2 қазан күндері аралығында Жапонияда өткен Азиадада 2 алтын және 1 қола жүлде жеңіп алдыңыздар. Алға қойған міндеттеріңіз орындалды деп айтуға бола ма?

- Жапонияда өткен Азия ойындары аяқталды. Осы арқылы ұлттық құраманың бүкіл дайындық кезеңінде атқарылған ауқымды әрі қарқынды жұмыстың қорытындысын көре алдық. Бізге Қазақстан боксы 12 жыл бойы жеңіп ала алмаған Азия ойындарының алтын медальдарын қайтару міндеті қойылды. Бұл міндет орындалды.

Азия ойындарында Қазақстан намысын алты боксшы қорғады. Дайындық барысында команда Америкада да оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, Азия чемпионаты және Әлем кубогы сынды халықаралық додаларға қатысты. Бұл боксшыларға қажетті жарыс тәжірибесін жинақтауға және мықты қарсыластармен жекпе-жекте тактикалық тәсілдерін сынап көруге мүмкіндік берді.

- Өткен Азия ойындарында ел намысын 6 боксшы қорғады. Олардың шаршы алаңдағы өнеріне қандай баға бере аласыз?

- Спортшының жаттығуда меңгерген әдіс-тәсілін қаншалықты тиімді жүзеге асыра алатынын ринг қана көрсетеді. Әр жекпе-жекте физикалық және техникалық дайындықты танытып қана қоймай, бапкерлер штабы әзірлеген тактикалық жоспарды жүзеге асыру маңызды болды. Әрине, барлық жекпе-жек біз ойлағандай өтпеді. Кейбір салмақтарда алғашқы айналымдарда сүріндік. Біз бұл нәтижеге объективті қараймыз және дайындық пен жекелеген жекпе-жектерді өткізу барысында қосымша талдауды қажет ететін тұстар бар екенін түсінеміз.

Жарыс қорытындысы бойынша, бапкерлер штабы әр жекпе-жекті егжей-тегжейлі талдайды. Біз үшін жіберілген қателіктердің себебін анықтау, спортшылар мен бапкерлердің әрекетіне баға беру, тиісті қорытынды шығару және жинақталған тәжірибені алдағы дайындықта пайдалану маңызды. Біз мықты тұстарымызды дамытып, тактикалық дайындықты жетілдіріп, өнер көрсетудегі тұрақтылықты арттыруымыз керек. Сонымен қатар әлі де өсуге мүмкіндік бар бағыттар бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

- Азиада ойындарынан кейін қандай қорытынды шығардыңыз?

-  Азия ойындарының басты нәтижесі - 12 жылдық үзілістен кейін, Қазақстан қоржынына бокстан алтын жүлденің қайта оралуы. Командамыз Жапониядан 2 алтын және 1 қола жүлде жеңіп алды. Бұл атқарылған жұмыстың тиімділігін және дайындықтың дұрыс бағытта жүргізілгенін көрсетеді. Қол жеткізген жетістік жұмыс аяқталды дегенді білдірмейді. Керісінше, команда алдына жаңа міндеттер қояды. Азия ойындары – маңызды кезең. Бірақ түпкілікті меже емес. Алда жаңа халықаралық жарыстар, жаңа қарсыластар мен жаңа міндеттер тұр.

- Алда Қазақстан чемпионаты. Ол жарыстан не күтесіз?

- Енді 30 қазан - 6 қараша аралығында Тараз қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына Азиада жүлдегерлері, Қытайдағы Әлем кубогының жеңімпазы Санжар Тәшкенбай және жарақатына байланысты Нұрбек Оралбай қатыспайды. Қалған боксшылардың барлығы ел біріншілігіне қатысуға міндетті.