Нұртөре Жүсіп: Кітап оқитын балаларға әлеуметтік жеңілдіктер беру керек
Кітап оқитын балаларға спорт секцияларына тегін жолдама, қоғамдық көлікте жеңілдік және түрлі әлеуметтік қолдау тетіктерін енгізу қажет. Бұл туралы жазушы, ҚР Парламенті Сенатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болған Нұртөре Жүсіп Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Зерделі ұлт болмысы» дөңгелек үстелінде айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Нұртөре Жүсіптің айтуынша, бүгінде балалардың кітапқа деген қызығушылығы төмендеп барады. Сондықтан оларды кітап оқуға мәжбүрлеуден гөрі, түрлі ынталандыру тетіктерін қолдану әлдеқайда тиімді.
«Кітап оқыған балаларға спорт секцияларына тегін жолдама, қоғамдық көлікте жеңілдік, бассейнге абонемент, ұялы байланыс қызметтеріне бонус беру сияқты әлеуметтік қолдау тетіктерін қарастыруға болады. Ең көп кітап оқыған оқушыларды жазғы лагерьлерге, білім беру бағдарламаларына жіберу де үлкен мотивация болады», – деді ол.
Сондай-ақ ол оқу мәдениетін қалыптастыру жұмысы балабақшадан басталуы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, балаларға арналған басылымдардың таралымын арттырып, аналардың кітап оқу мәдениетін дамытуға басымдық беру қажет. Сонымен бірге қазақ әйелдері арасында кітап оқуды насихаттайтын арнайы жобаларды көбейту маңызды.
Нұртөре Жүсіп кітап оқудың бала дамуына оң әсер ететінін атап өтті.
«Ғалымдардың зерттеуі бойынша кітап оқитын баланың миының даму деңгейі әлдеқайда жоғары болады. Сондықтан «Зерделі ұлт» қалыптастырудың негізі – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру», – деді ол.

Бұған дейін Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы ұйымдастырған «Зерделі ұлт болмысы» атты дөңгелек үстел өткенін жазған болатынбыз.