Нұрболат Әділов: Уақтылы берілген өтініш құқықты қорғауға және заң бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Нұрболат Әділов Elordainfo.kz тілшісіне мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау бағытында атқарылған жұмыс жөнінде айтып берді.
- Нұрболат Тұрболатұлы, мемлекеттік қызметшілер өз құқығының бұзылуы туралы қаншалықты жиі шағымданады?
- 1 маусымдағы ақпаратқа сәйкес департаментке барлығы 618 өтініш келіп түсті, оның ішінде мемлекеттік қызмет саласын бақылау бағыты бойынша 420 өтініш түскен, бұл жалпы түскен өтініштердің 67,9%. Осы келіп түскен 420 өтініштің 128-і қаралып, 11 өтініші бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді, 74 сұрау салу арқылы, 43 шағымға тиісті түсіндірме жауаптар берілді, 5 өтініш бойынша мемлекеттік қызметшілердің құқығы қалпына келтірілді.
Аталған өтініштердің азаймауының басты себебі - мемлекеттік қызметшілердің нормативтік құқықтық талаптарының сақталмауында.
- Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қалпына келтіру барысында қандай заң бұзушылық жиі анықталады?
- 1 маусымдағы ақпаратқа сәйкес, Астана қаласындағы жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттерінде жалпы 5 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді.
Атап айтқанда, 4 жағдайда мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу өткізу кезінде заңнама талаптарының сақталмау фактісі анықталды. Қабылданған шараның нәтижесінде конкурсқа қатысушылардың құқығы қорғалып, шешімдер заң талаптарына сәйкес қайта қаралды. Сондай-ақ, бір жағдайда мемлекеттік қызметшіге қатысты заңнама нормаларының бұзылуы анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
- Мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу жүргізу кезінде орын алатын заң бұзушылықтарға қатысты нақты мысал келтіре кетсеңіз.
- ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген тексеру барысында әкімшілік мемлекеттік лауазымға конкурстық іріктеуді өткізу кезінде біліктілік талаптарын және құжаттарды тексеру рәсімін дұрыс қолданбағанына байланысты заң бұзушылыққа жол берілгені анықталды.
Атап айтқанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға жалпы конкурсқа қатысқан кандидаттың құжатын қарау барысында мемлекеттік органның кадр қызметі еңбек кітапшасы мен қызметтік тізім деректерінің арасындағы сәйкессіздікті анықтаған. Осыған байланысты үміткерге құжаттарды толықтыру және түзету ұсынылды. Кейіннен оған құжаттарды толық ұсынбағандықтан конкурстық іріктеудің келесі кезеңіне жіберуден бас тартылды.
Тексеру мемлекеттік әкімшілік лауазымдардың осы санаты үшін жұмыс өтілінің болуы міндетті біліктілік талабы болып табылмайтынын көрсетті. Демек, үміткердің өтілін растауға байланысты мәселе бойынша конкурсқа қатыстырудан бас тартуы заңсыз.
Тексеру қорытындысы бойынша осы мемлекеттік органның қызметшісі мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 99-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Конкурс қайта өткізіліп, үміткердің бұзылған құқығы қалпына келтірілді.
- Мемлекеттік қызметшілер өз құқығының бұзылуына жол бермеу үшін нені білуі және қандай қадамдарға назар аударуы қажет?
- Ең алдымен, мемлекеттік қызметшілер өзінің құқығы мен міндетін реттейтін заңнама талаптарын жақсы білуі қажет. Қызметтік шешімдер қабылдау, конкурстық рәсімдерге қатысу немесе еңбек құқығына қатысты мәселелер туындаған жағдайда заңнама нормасымен мұқият танысып, қажет болған кезде кадр қызметінен немесе уәкілетті органдардан түсіндірме алған жөн.
Егер мемлекеттік қызметші өз құқығының бұзылғанын байқаса, мәселені назардан тыс қалдырмай, белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органдарға немесе Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаментіне жүгінуі қажет. Уақтылы берілген өтініш құқықты қорғауға және заң бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
- Сұхбатыңызға рақмет!