Лаура Сәрсембекова: Жасанды интеллект – білім беру жүйесін жаңғыртатын маңызды құрал
Астана қаласындағы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының директоры Лаура Сәрсембекова Мемлекет басшысының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жарлығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мектеп директорының айтуынша, бүгінгі таңда жасанды интеллект құралдарын білім беру процесіне енгізу – уақыт талабы әрі әлемдік білім кеңістігіне бейімделудің маңызды қадамы.
«Мемлекет басшысының бұл бастамасы ғылым мен білім саласындағы жаһандық үдерістерге сай қабылданған маңызды шешім деп есептеймін. Қазіргі кезеңде жасанды интеллект технологиялық құрал ғана емес, ол – оқушылардың білімге қызығушылығын арттырып, шығармашылық және сыни ойлау қабілетін дамытуға ықпал ететін тиімді мүмкіндік. Білім беру жүйесі де заман талабына сай жаңарып, озық технологиялармен ұштасуы қажет», – деді Лаура Сәрсембекова.
Оның сөзінше, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану ұлттық құндылықтар мен тарихи сананы дәріптеумен қатар жүруі тиіс.
«Жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану арқылы ел тарихы мен ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың санасына заманауи форматта сіңіруге болады. Бұл тарихи танымды жаңғыртып қана қоймай, оқушылардың дүниетанымын кеңейтуге, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан инновация мен рухани тұтастық қатар дамуы қажет», – деді мектеп директоры.
Естеріңізге сала кетейік, Президент орта білім жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу шаралары туралы Жарлыққа қол қойды.