Кабо-Верде немесе намыстың күші
(Футбол ойнауды емес, ұлт үшін жанын беруді осы Кабо-Верде командасынан үйренсе, қазақ футболы қор болмас еді!)
...Аргентина – Кабо-Верде командасының ойыны әлем чемпионатындағы 1/16 финалдың алтын алқасы болды! Бұл ойын жайлы айту аз, оны тек өз көзіңмен көру керек!
...Аргентинаны әлем чемпионы қыламын деп қылғынып жүрген мен Кабо-Верденің мына ойынынан соң тілімді тістеп отырмын. Бірақ... сөзімді қайтып алмаймын. Сол Аргентинаны атағаным атаған: футболда не болмай жатыр, 4 дүркін әлем чемпиондары Италия елінің құрама командасы осымен үшінші рет ӘЧ финалдық кезеңіне келе алмай жатса, өзге оқиғалар шаққан шемішкеге тең де ғой.

Кабо-Верде командасының бұл жаңаша чемпионаттың таусылмайтын әңгімесі айналып соға берер талассыз оқиғасы болары сөзсіз. Мың аралдан құрылған алақандай ғана ел. Оларды 15-ші ғасырда Португалия жаулап алып, содан 1975 жылға дейін тізесін батырып келген. Бірақ Португалияның Кабо-Вердеге футбол үйреткені жайлы ақпарат жоқ. Ал тәуелсіздігін сол 1975 жылы алған Аралдар елі өздерінде ұлттық чемпионат деуге келмейтін жарыс өткізеді жыл сайын. Олар ірілеу деген 11 аралда өз біріншіліктерін өткізіп, жеңіп шыққан 11 командаға былтырғы чемпионды қосып, биылғы Чемпиондар лигасы секілді әр команда 6 ойын өткізіп, содан соң чемпиондық шайқас жасайды. Небәрі 520 000 адам тұратын Кабо-Вердеде ұлттық чемпионат өтеді дегенмен, бүгінгі Кабо-Верде құрама командасында өз елінде ойнайтын бірде-бір футболшы жоқ! Құрамадағы 26 футболшы түгелдей кезінде басқа елге жұмыс күші ретінде зорлап апарып немесе сатылып кеткен осы ел өкілдерінің ұрпақтары. Бірақ олардың Еуропа, Азия, Латын Америкасының түрлі елдерінде ойнап жүрсе де сол елдердің құрамаларына кіре салмай, өз отанының намысын қорғауға жұдырықтай жұмылып,жинала қалғандары қаншама ой салады... Бүгінгі ойында да Кабо-Верде кездейсоқ бір доп соғып, сонысымен батыр бола салған жоқ. Олар Мессидің голына тамаша голмен жауап берді. Аргентина екінші доп соғып еді верделіктер ғаламат гол соғып (№13), айды аспанға шығарды. Олар осы сәттегі әлем чемпиондарының адымын аштырмады, доп ұстауда, керек кезде атойлап шабуылға шығуда асқан футбол сауаттылығын көрсетті. Олар – Мессиге бетін бастырды.
Болды! чемпионаттың 1/16 финалының өзге ойындары жайлы түк айтпаймын. Бәрін өздеріңіз көрдіңіздер. Енді шамам келгенше 1/8 финалдық сегіз ойынға сәуегейлік жасаймын. Қателессем (жығылсам), жер көтереді! Сол қанаттан Парагвайды француздар жайпап өтеді. Марокко Канададан басым болады, ал Испания Португалияны ұтады. АҚШ пен Бельгия ойыны белгісіздеу, дегенмен мен сәл ғана артықшылықты АҚШ-қа бергелі отырмын. Біріншіден, Бельгияның қырық ру командасының ойынын көру ешкімге қызық емес. Екіншіден, АҚШ-ты 350 млн жанкүйер қолдап отыр. Балагун деген балаға да үміт артамын...
Оң қанатта қиын болса да, мен үшін мәңгілік чемпион саналатын Бразилия Норвегияны ұтуға тиіс. Англия Мексиканы тізе бүктіреді. «Ацтека» стадионында мексикалықтарды тізе бүктіру оңай емес, бірақ бүгінгі Англия құрамасы менің сүйікті Мексикамнан күштілеу. Мұхаммед Салах пен Леонель Месси бетпе-бет келетін Аргентина – Египет командаларының ойынын көру бір ғанибет. Бұл шайқаста Аргентина айқын басым болады. Салах үшін жан дүниеммен Египетке тілектес боп тұрсам да, оларға Аргентинадан асып түсуге әлі ерте. Ең соңғы Швейцария – Колумбия ойынының нәтижесін айту ең қиыны боп отыр. Командасын әр елден теріп алған Швейцарияда Еуропа футболының елесі бар. Бірақ оларға қарсы құрамында Родригес, Диас сынды әлем қол соққан жігіттері бар, оған қоса ұлттық намысын ту етіп шығатын Колумбия құрама командасының мерейі үстем болады-ау деп ойлаймын. Солай болса екен деп тілеймін де!
...Америкаға аттанар алдында мен пікірлерімді осылай түйіндедім. Ешкімнің аузынан қақпаймын: мың жанкүйер болса, 1000 пікір болуы заңды. Айтқаны дұрыс шыққан сәуегейге дүркіретіп тұрып қол соғудан жалықпайық!
Әңгіме Кабо-Верде құрама командасынан басталды ғой. Олардан біздің ел футболының үйренері қаншама?!! Кеше ғана атын естімеген де елдің бүгінгі табысына мұрнымызды шүйірмей, зерттейік, үйренейік, солардай болуға тырысайық!
Несіп Жүнісбаев