FIFA Қазақстанда балалар футболын дамытуға 250 мың АҚШ долларын бөледі
FIFA Қазақстан футбол федерациясының 2026 жылға арналған FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы аясындағы жобалық өтінімін ресми түрде мақұлдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Балалар-жасөспірімдер футболын дамытуға және мамандарды даярлауға бағытталған негізгі бастамаларды жүзеге асыру үшін FIFA 250 000 АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлді.
Бөлінген грант футболды дамытудың негізгі бағыттарына жұмсалады. Оның ішінде 125 000 доллар әлеуеті жоғары жас ойыншыларды іздеу және іріктеуге бағытталған «Болашақ чемпиондар» ауқымды жобасына бөлінеді. Бапкерлер мен скауттарға арналған оқыту семинарларын ұйымдастыруға 50 000 доллар қарастырылған. Тағы 50 000 доллар бағдарламаны басқаруға байланысты операциялық шығындарды (FIFA Operations Project) жабуға бағытталады. Сонымен қатар 25 000 доллар балаларды қорғау стандарттарын енгізуге және бағдарлама қатысушыларына психологиялық қолдау көрсетуге жұмсалады.
Арсен Венгер басқаратын FIFA-ның футболды жаһандық дамыту жөніндегі тобы Қазақстандағы футбол резервін даярлау сапасын арттыруға бағытталған ҚФФ жобаларының жоғары деңгейде әзірленгенін атап өтті.
FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы ұлттық қауымдастықтарға бүкіл әлем бойынша жас футбол таланттарын іздеу, дамыту және қолдау бағыттарында жан-жақты көмек көрсету мақсатында құрылған.
Еске сала кетейік, қазақстандық таеквондошылар Пәкістандағы турнирде топ жарды.