Елордада дропперлік жасаған азаматқа үкім шықты

Бүгін, 11:14
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада дропперлік жасаған азаматқа үкім шықты
Фото: freepik.com

Астана тұрғыны танысына 43 705 теңге көлемінде сыйақы алу үшін өзінің үш банктік шотын заңсыз пайдалануға берген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Кейін бұл шоттар алаяқтық жолмен жәбірленушіден алынған 195 000 теңгені қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қолданылған.

«Сот барысында айыпталушы қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын толық мойындады. Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 80 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Үкім заңды күшіне енді», - делінеді хабарламада.

Прокуратура мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінде банктік шоттарға, төлем құралдарына немесе сәйкестендіру деректеріне заңсыз қолжетімділікті ұсыну, беру немесе алу, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын заңсыз жүргізу үшін жаңа қылмыстық құрам енгізілді. Мұндай құқық бұзушылық үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы көзделген.

Прокуратура азаматтарды сақ болуға, «жеңіл табыс» туралы күмәнді ұсыныстардан бас тартуға және өздерінің банктік шоттары мен жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады.

Дроппер – ақшалай сыйақы немесе өзге де пайда табу мақсатында үшінші тұлғаларға қаржылық операциялар жасауға мүмкіндік беру үшін өз банктік шоттарын немесе жеке деректерін ұсынатын адам.

Еске салсақ, елордада 92 мың студент пен оқушы ойын арқылы алаяқтардан сақтанудың жолын үйренді.