Елордада терезеден баланың құлауын болдырмауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылды

Бүгін, 16:10
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада терезеден баланың құлауын болдырмауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылды
Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

Астана  қаласының коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласындағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының медициналық бөлім жөніндегі директордың орынбасары Динат Көжекенов, Астана қаласы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының м.а. Әли Арғынбаев пен Астана қаласы полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Еркін Жанабіл елордада балалардың терезеден құлауын болдырмау шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Астанада балалардың терезеден құлауы көктем-жаз мезгілінде балалар жарақатының ең өзекті себептерінің бірі болып отыр. Жүріп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, жыл сайын ондаған оқиға тіркеліп, ауыр жарақаттарға, кей жағдайда балалардың қаза болуына әкелуде.

Астана қаласындағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының деректері бойынша, зардап шегушілердің басым бөлігін 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар құрайды. Терезеден құлау салдарынан олар ауыр бас-ми жарақаттарын, сүйек сынуларын және ішкі ағзалардың зақымдануын алып, ұзақ уақыт емделуге және оңалту шараларына мұқтаж болған.

Статистика профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді

Медициналық мекемелердің деректеріне сәйкес, 2023 жылы балалардың терезеден құлауының 31 жағдайы тіркеліп, 1 бала қаза тапқан. 2024 жылы мұндай оқиғалардың саны 63-ке дейін өсіп, төрт өлім жағдайы тіркелді.

2025 жылы балалардың терезеден құлауының 85 жағдайы орын алып, оның тоғызы қайғылы жағдаймен аяқталған.

2026 жылғы 23 маусымдағы жағдай бойынша медициналық ұйымдарда балалардың терезеден құлауының 29 жағдайы тіркелген, өлім жағдайлары тіркелмеген.

Сонымен қатар жедел қызметтер мен құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері «112» құтқару қызметінің пультіне балалардың терезеден құлауы бойынша 29 хабарлама түскен. Астана қаласы полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, осындай 29 оқиға тіркеліп, оның ішінде 7 бала қаза болған. Ведомство мәліметінше, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда оқиғалар саны азайған (2025 жылы - 38 факт, 9 өлім жағдайы), дегенмен мәселе әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қайғылы оқиғалар неліктен орын алады?

Мамандардың айтуынша, жазатайым жағдайлардың басым бөлігі мына себептерден болады: балалар ересектердің қарауынсыз қалады, ашық терезелер мен балкондарға еркін қол жеткізеді, терезе маңында жиһаз орналасады, ал масаға қарсы торлар қауіпсіздік туралы жалған түсінік қалыптастырады. Көп жағдайда торға сүйеніп қалған баланың салмағын көтере алмай, нәтижесінде құлау оқиғасы орын алады.

Профилактикалық жұмыс жалғасуда

Елордада балалардың терезеден құлауын болдырмауға бағытталған кешенді шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.

Биыл наурыз айынан бастап Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мүдделі қызметтермен бірлесіп, 2,5 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үйді аралап, шамамен 11 мың жадынама таратып, 12 мыңнан астам тұрғынмен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ювеналды полиция және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырылған «Қауіпсіз терезе» акциясы аясында көпбалалы отбасылар мен кішкентай балалары бар отбасылардың пәтерлеріне 1 028 терезе құлпы-блокираторы тегін орнатылды.

53 мектепте және 35 балабақшада профилактикалық дәрістер өткізілді. Ақпараттық материалдар ата-аналар чаттары, МИБ және ПИК арқылы таратылуда. Сонымен қатар қоғамдық орындарда тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, подъездер мен лифтілерде балалар қауіпсіздігі жөніндегі материалдарға бағыттайтын QR-коды бар жадынамалар орналастырылған.

Полиция түсіндіру жұмыстарын күшейтуде

Жыл басынан бері Полиция департаментінің қызметкерлері 5 652 профилактикалық дәріс өткізіп, шамамен 10 мың ата-ананың қатысуымен 275 ата-аналар жиналысын ұйымдастырды. Сондай-ақ, 900-ден астам жадынама таратылып, 2 900 үй чаттары мен 1 500 ата-аналар чатына ақпарат жолданды.

Полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамаған жағдайда ата-аналар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін екенін ескертеді.

Қарапайым қауіпсіздік қағидалары

Мамандар ата-аналарға: кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды, олардың терезе алдына шығуына жол бермеуді, терезе маңындағы жиһаздарды алып тастауды, балаларға арналған құлыптар мен ашылуды шектейтін құрылғылар орнатуды, масаға қарсы торларға сенбеуді, балаларға қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын тұрақты түсіндіріп отыруды ұсынады.

Балалардың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

Мамандардың айтуынша, балалардың терезеден құлау жағдайларының басым бөлігінің алдын алуға болады. Мемлекеттік органдар ата-аналарды барынша мұқият болуға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және бірнеше минуттық салғырттықтың орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін екенін есте ұстауға шақырады. Отбасы мен қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы ғана балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға болады.