Бюджетті әзірлеу барысында шығыстар 6,7 трлн теңгеге қысқартылды — Олжас Бектенов

Бюджетті әзірлеу барысында шығыстар 6,7 трлн теңгеге қысқартылды — Олжас Бектенов
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Құрылтай отырысында депутаттардың сауалына жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік шығыстарды қысқарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимараттарын салуға жарияланған мораторий жалғасып жатыр. Бұл шығынды көп қажет ететін бағыттардың бірі.

Сонымен қатар Үкімет 2026 жылы бюджетке түзетулер енгізу арқылы шығыстарды 360 млрд теңгеге қысқартып, қаражатты басым бағыттарға қайта бөлді.

«Шығыстарға келетін болсақ, мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алдағы кезеңге арналған бюджетті әзірлеу барысында бізге 36,9 трлн теңгеге өтінім түсті. Алайда, 2027 жылға арналған шығыстар 30,2 трлн теңге көлемінде бекітілді. Яғни, бюджетті қарау барысында шығыстарды 6,7 трлн теңгеге қысқарттық», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еске салсақ, Үкімет Құрылтайда бірінші оқылымда үш жылдық бюджет жобасын ұсынды. Құрылтай отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттардың қарауына еліміздің 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын енгізді.