«Болашақ ойындары – 2026»: Астанадағы турнирге 8 мыңнан астам адам келді
Астанада жас буынның ең ірі халықаралық спорттық жарыстарының бірі – Games of the Future 2026 («Болашақ ойындары») жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әкімдіктің мәліметінше, турнир ашылған 29 шілдеден бері ауқымды додаға 8 мыңнан астам адам келген.
«Турнирге әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар классикалық спорт пен цифрлық технологияларды ұштастыратын жарыс түрлері бойынша сынға түсіп жатыр. Сайыстар елорданың бірнеше ірі спорт нысанында өтіп жатыр. Олардың қатарында көпфункционалды «Барыс Арена» мұз сарайы, Beeline Arena ұлттық теннис орталығы, Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешені және Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы бар», - делінген әкімдік хабарламасында.

Қатысушылар фиджитал футбол, баскетбол, хоккей, жекпе-жек, бокс, би дисциплиналары, шутерлер, Battle Royale, MOBA, дрон жарысы, Battle Bots және өзге де жаңа форматтағы спорт түрлері бойынша бақ сынауда.
«Болашақ ойындарының» ерекшелігі – спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте шеберліктерін көрсетіп, кейін тартысты нақты спорт алаңында жалғастырады.
Турнирдің алғашқы бес күнінде, яғни 29 шілде мен 2 тамыз аралығында 8 мыңнан астам көрермен тамашалады.

Айта кетейік, көрермендер турнирдің жеке күндеріне немесе бірнеше жарыс күніне арналған билеттерді сатып ала алады. Жарыс кестесімен танысып, өзіңізді қызықтырған дисциплиналарды таңдау және билет сатып алу Games of the Future турнирінің ресми сайтында көрсетілген. Турнир Астанада 9 тамызға дейін жалғасады.
Еске салсақ, елордада «Болашақ ойындарының» туристері мен жанкүйерлеріне арналған маңызды акция өтті.