Бектенов Changi Airport Group басшысымен көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Бүгін, 12:21
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Бектенов Changi Airport Group басшысымен көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Фото: Үкімет

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов сингапурлық Changi Airport Group (CAG) компаниясының бас атқарушы директоры Ям Кум Вэнгпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметке сілтеме жасап. 

Онда авиация саласындағы жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық авиациялық хаб қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Астананың әуежай инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын, соның ішінде екінші әуежайдың құрылысы салынуда екенін атап өтті. Осыған орай Қазақстан мен Сингапур арасындағы нақты өзара іс-қимылды кеңейту үшін елеулі әлеует барына назар аударылды. Компанияның халықаралық тәжірибесі мен технологиялық сараптамасын Қазақстанның авиациялық инфрақұрылымын дамытуға тарту қажеттігіне көңіл бөлінді.

Changi Airport Group Сингапурдағы Чанги халықаралық әуежайы мен Селетар әуежайын басқарады. Changi Airports International еншілес құрылымы арқылы әлемнің 20-дан астам еліндегі 60-тан астам әуежайда әуежай инфрақұрылымын дамыту, басқару және бас жоспарлау жобаларына қатысады. GAI сонымен қатар биометрия мен автоматтандыруды қоса алғанда, озық цифрлық шешімдерді енгізеді және көміртекті бейтараптық принциптерін ұстанады.

Ям Кум Вэнг Changi Airport Group компаниясының Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін білдірді. Сингапурлық компанияның басшысы Астана қаласының Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретіндегі зор әлеуетін атап өтіп, елордада жаңа әуежайды өңірлік хаб және өңірлік орталық ретінде салу жобасын жүзеге асыру барысында компанияның әуежай саласындағы сараптамасы, білімі мен тәжірибесін ұсынуға дайын екенін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан – Сингапур қарым-қатынастарының жоғары деңгейін және практикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге мүдделілігін растады. Бұдан әрі ынтымақтастық толыққанды әуежай экожүйесін құруға бағытталуы мүмкін екені атап өтілді.

Еске салайық, бұдан бұрын Бектенов Hunan Junxin Environmental Protection басшысымен кездесіп, экологиялық жобаларды талқылаған болатын.