Бауыржан Ысқақ: Балаға адалдықты үйреткің келсе, өзің адал болуың керек
Елімізде аталып өтетін Әкелер күні қарсаңында белгілі экономист, 80-нен астам ғылыми еңбектің авторы Бауыржан Мұратбекұлы Elordainfo.kz тілшісіне хакім Абайдың «бес нәрсеге асық бол» деген өсиетін заманауи тәрбиемен қалай ұштастырып жүргенін айтып берді.
- Әке болу сіздің өміріңізге қалай әсер етті?
- Әке болу - менің өмірімдегі ең үлкен жауапкершіліктің бірі. Бала дүниеге келгеннен кейін адамның жалпы өмірге деген көзқарасы өзгереді екен. Бұрын көбіне өзіңнің мақсатың мен жоспарыңды ойлайтын болсаң, енді әрбір шешіміңді осы өмірге келген баланың болашағымен байланыстыру керек. Әке болу үшін маған уақыттың қадірін, жалпы жауапкершіліктің салмағын және де отбасылық құндылықты тереңірек түсіну басты қағидама айнала бастады. Ең бастысы, мына өзіңнен кейін қандай ұрпақ тәрбиелеп қалдыратындығы туралы көбірек ойлана бастайсың.
- Әкелік жолындағы ең маңызды сабақ қандай болды?
- Мен үшін ең үлкен сабақ - бұл баланы тәрбиелеуде сөзбен емес, ең алдымен үлгімен, іспен көрсетуіміз керектігін түсіне бастадым. Балалар біздің айтқанымызды ғана емес, жасаған ісімізді де қайталайтыны белгілі. Сондықтан әке ретінде өз мінез-құлқыңа, қарым-қатынасыңа, еңбекке деген көзқарасыңа жауапкершілікпен қарауға тура келеді. Балаға адалдықты үйреткің келсе, өзің адал болуың керек, еңбекқорлықты үйреткің келсе, өзің еңбекқор болуың керек деген қағида мен үшін ең басты деп айтуға болады.
- Әке болудағы ең үлкен жауапкершілік неде деп ойлайсыз?
- Көп адам әкенің міндетін отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етумен ғана байланыстырып жатады. Әрине, бұл маңызды, бірақ та менің ойымша, ең алдымен үлкен жауапкершілік — бұл баланы өмірге дайындау. Оған дұрыс тәрбие беру, жақсы мен жаманды ажырату, үйрету, өз бетімен шешім қабылдау сияқты, адамға қажетті тұлға болып қалыптасуына керек қасиеттерді бойына сіңіре біру.
Мен тәрбие барысында қаржылық сауаттылыққа да ерекше назар аударамын. Өзім экономист болғандықтан, қазіргі заманда қаржылық білім де өмірлік маңызды дағдыға айналып келе жатыр. Балалар ақшаның қайдан келетінін, оның артында еңбек жатқандығын түсінуі керек деп ойлаймын. Сондықтан балама үнемі үнемдеу, жоспарлау, қажет пен қалау арасындағы айырмашылықты ажырату сияқты қарапайым қағиданы түсіндіруге тырысып отырамын. Себебі қаржылық сауаттылық — адамның болашақтағы тұрақтылығы мен жауапкершілігіне тікелей әсерін тигізеді.
- Бұл күнді атап өту біздің қоғамға не береді деп ойлайсыз?
- Әкелер күнін атап өтудің қоғам үшін маңызы зор. Себебі бұл тек қана мереке емес, әкенің отбасы мен қоғамдағы рөлін тағы бір еске салатын мүмкіндік. Біз көбіне ананың еңбегін орынды дәріптейміз, бірақ әкенің де бала тәрбиесіндегі орны ерекше екендігін біз назардан тыс тастамауымыз керек. Осындай күндер арқылы қоғамда жауапты әкелік мәдениетті де қалыптастыруға мүмкіндік аламыз. Әкелер баласымен көбірек уақыт өткізуге, оның тәрбиесіне белсенді араласуға ұмтылуы тиіс. Ал мықты отбасы — мықты қоғамның негізі. Сондықтан бұл мерекенің тәрбиелік мәні жоғары.
- Жақсы әке болу моделі қандай?
- Жақсы әке тек асыраушы ғана емес, тәрбиеші, ұстаз және де өмірлік бағыт көрсетуші тұлға. Жақсы әке баласына тек материалдық жағдай жасап қана қоймайды, адам болып қалыптасуына да әсерін тигізеді. Тәрбие мен ұлттық құндылықтарға, оның ішінде ойшыл Абай Құнанбайұлы қалдырған мұраға да сүйенуге тырысамын. Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген өсиеті бүгінгі күнде де өте өзекті. Балаларға талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сияқты қасиеттерді сіңіруге тырысатын әкелердің бірімін деп айтамын. Әрі қазіргі заман талабына сай қаржылық сауаттылықтың да тәрбиелік маңызына назар аударамын. Қоғамның жақсы дамуы — ол сауатты ұрпақты қалыптастырумен тікелей байланысты.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Авторы: Әдемі Сайрамбаева