Аида Балаева журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады
Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтап, ақпарат саласы мамандарының қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
«Бұл мереке журналистиканың қоғамдағы айрықша орны мен ел дамуына қосқан үлесін айшықтайтын атаулы күн. Бүгінде ақпарат кеңістігі қарқынды өзгеріп, журналистикаға қойылатын талап та арта түсті. Жаңа технологиялар, әлеуметтік желілер, жасанды интеллект, дипфейктер мен толассыз ақпарат ағыны сала мамандарына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Алайда кәсіби журналистиканың басты қағидаттары өзгермейді. Олар – аудитория сенімі, қоғам алдындағы адалдық және жарияланған әрбір ақпаратқа деген жауапкершілік.
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуде: «Қалам елді түзейді», – деген болатын. Бұл сөз журналист мамандығының мәні мен қоғам алдындағы жауапкершілігін терең аңғартады. Өйткені қалам қуаты елді ұйыстыруға, ақиқатты жеткізуге, қоғамға бағыт-бағдар беруге және оң өзгерістерге жол ашуға қызмет етеді.
Биыл еліміз үшін тарихи маңызы зор жаңа кезең басталады. 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енеді. Бұл құжат заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Ата Заңдағы өзгерістер медиа саласының рөлін одан әрі арттыра түседі. Конституцияда сөз бостандығына, азаматтардың шынайы ақпарат алу құқығына, дербес деректерді қорғауға және ақпарат таратудағы жауапкершілікке қатысты маңызды қағидаттар бекітілген. Бұл кәсіби журналистиканың сапалы дамуына тың серпін береді.
Конституциялық реформаның мазмұны мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіруде бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегі ерекше болды. Сіздердің кәсіби қызметтеріңіздің арқасында азаматтар жаңалықтардан хабардар болып қана қоймай, реформаның түпкі мақсаты мен мәнін терең түсінуге мүмкіндік алды. Сараптамалық мақалалар, пікірталастар, тікелей эфирлер мен арнайы бағдарламалар қоғамға өзгерістер туралы жан-жақты әрі шынайы ақпарат ұсынды.
Жалған ақпарат пен бұрмаланған мәлімет көбейген қазіргі кезеңде кәсіби журналистиканың басты міндеті – жұртшылыққа анық, дәйекті және тексерілген ақпарат жеткізу, сапалы сараптама арқылы қоғамдық пікірдің дұрыс қалыптасуына ықпал ету.
Мемлекет ақпарат саласы қызметкерлерін қолдауға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Кейінгі үш жылда Астанада 200 журналист баспанамен қамтылды. Биыл еліміздің барлық өңірінен, соның ішінде өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының 66 қызметкеріне пәтер кілті табысталады.
Сіздерге күнделікті табанды еңбектеріңіз, жоғары кәсібиліктеріңіз және мамандыққа деген адалдықтарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында мемлекет қолға алған бастамалар мен маңызды шешімдердің мәні көпшілікке кеңінен түсіндіріліп, қоғам мен билік арасындағы сенім нығая түсуде.
Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, тілеймін!
Мерекелеріңіз құтты болсын», делінген құттықтауда.